Қарағандыда құзырет орталығы ашылды

Қарағандыдағы оқу орындары теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жас маман» жобасы бойынша жергілікті колледждердің бірінде құзірет орталығы ашылды. Онда 9 оқу бөлмесі мен 4 өндірістік шеберхана бар. Оқу алаңы қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ол үшін қазынадан 400 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Енді жастар өндірістегі соңғы жаңалықтарды осында меңгеріп, бәсекеге төтеп бере алатын дайын маман болып шығады. Себебі күн сайын өзгеріп жатқан технология көшінен қалмау үшін оқу орындары беретін базалық білім жеткіліксіз, - дейді ұстаздар. Ал мұнда 4 жыл бойы біліктілігін шыңдаған кәсіби мамандар кез-келген шаруаны шиырып әкететін болады. Қазір колледж халықаралық сертификат алуға өтініш берген. Егер мақұлдаса, автомобиль индустриясы, құрылыс, тау-кен өндіру, энергетика салаларында үлкен сұранысқа ие мамандарды оқытып шығармақ.

Мүбәрәк Хасенов, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– «Жас маман» алаңымыздың ашылуының басты мақсаты – біздің қарапайым ауылдан келген студенттер бұл жерге келіп, әлемде қазіргі заманда пайдаланатын құрал-жабдықтарда білім, біліктілік алады да, мұны бітіргеннен кейін, егер біз халықаралық сертификациядан өтсек, халықаралық нарық еңбегіне де шыға алады.Осы басты мақсат.