Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғауды күшейтетін заң қабылданды

Сенаторлар халықаралық деңгейде Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғауды күшейтетін заң қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі отырыста жан-жақты қаралған заң жобасы бірауыздан мақұлданды. Сенат төрағасы алдағы уақытта бұл заң еліміздің ұлттық мүдделерін қорғауды күшейтуге өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Корея республикасының арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Осы құжатқа сәйкес енді мемлекеттердің бір-біріне сотталғандарды беруіне мүмкіндік туады. Ол үшін жасалған іс-әрекет екі елде де қылмыс ретінде танылуға тиіс және сотталғандарды беруге қос мемлекет те келісуі қажет. Ал сотталған азаматтың өзінен кері оралуды растайтын жазбаша келісім болуы керек. Қазақстаннан шарт ережелерін іске асырушы орталық орган ретінде Бас прокуратура белгіленді.

Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы:

– Бүгін қабылданған заң халықаралық деңгейде ұлттық мүдделерімізді қорғауға қосымша мүмкіндіктер береді. Бұдан былай, халықаралық келісімнің екінші тарабы өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда Қазақстан тарапынан жауап шараларын қабылдауға жол ашылады.