Шымкентте жарылыс болған үйге газ құбыры таяуда кіргізілген

Шымкент қаласындағы жеке үйлердің бірінде газ жарылып, салдарынан алты адам зардап шекті. Оқыс оқиға Құрсай шағын ауданында болды. Табиғи газ үйге бір күн бұрын тартылған екен. «Ұзақ жылғы қиындықтан енді арылдық» деген тұрғындар ауруханадан бір шықты.

Бұл жарылыстан кейінгі үйдің көрінісі. Өрт алдымен мына бөлмеден басталған.

Мамандардың айтуынша, мұнда тұру енді мүмкін емес. Жарамсыз. Сол себепті үйді бұзуға тура келген.

Аманбек Бейсембаев, қалалық ТЖД басшысының міндетін атқарушы:

- Өздеріңіз көріп отырсыздар, осы үйдің көлемі 120 шаршы метрді құрайды. Осы үйдің 30 шаршы метрге жуығы қазіргі таңда қираған. Үй жарамсыз жағдайға келген. Қазір арнайы «ҚазТрансГаз» мекемесі тексеру жұмыстарын жүргізіп, қосымша себептерін анықтап айтамыз.

Бір күн бұрын табиғи газ тартылып, үйдегілер шын қуанған еді. Алайда ол да ұзаққа созылмады. Сіріңкені жаққан сәтте-ақ жарылыс болып, қуаныштың күлі көкке ұшты. Үш адам аурухана төсегіне таңылды.

Сабина Штабаева, отбасының туысы:

- Газды жеке компания жүргізген. Кеше телефонмен ол кісілер қалай қосылу керек екенін ауызша айтқан. Бірінші ауа шығарып, кішкене күт деген. Содан кейін барып қос деген. Сол моментте барып осындай жағдай болған.

Дәрігерлер жарылыстан зардап шеккендерді қатты күйік шалғанын айтады. Бір қызығы, үйде болған балаларды періштесі қағып, күйіктен аман қалған. Қазір олар туыстарының қолында.

Мадина Ермаханбетова, қалалық гипербарикалық оксигенация орталығының бас дәрігері:

- 40 жасар ер азамат, сол үйдің отағасы термиялық күйік жалынмен өртенудің 1,2,3 дәрежесі, беті, саусақтары және алақанының күюімен түскен болатын. Сол жерде 37 жасар әйел осындай жарақат алған және 19 жасар азаматша 3-5 процент күйікпен, бетін күйік шалуымен түскен болатын.

Қазір мамандар үйіндіні шығарып жатыр. Аудан әкімдігі зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз етуге уәде берген. Аталған факт бойынша тергеу басталып, техникалық сараптама тағайындалыпты.

Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов