Елордадағы Көктал-2 ауданының тұрғыны: Күліміз көкке ұша жаздады

«Құбырдан газ шығып тұрғанын байқамағанымда күліміз көкке ұшар еді. Елордадағы Көктал-2 ауданының тұрғыны Сайран Нақыпова бір апаттың алдын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл олқылық бойынша ол көгілдір отынды үй ішіне жүргізіп берген газ саласының мамандары мен мердігер мекемені кінәлап отыр. Оның айтуынша, кіреберіс бөлмедегі сақтандырғыш құрылғы да дабыл белгісін бермепті.

Түн ұйқысын төрт бөліп, шыр-пыр болып тұрған Сайран Накупова өлім аузынан аман қалдым дейді. Күні кеше ол үйінде қазандыққа жалғанған газ құбырынан саңлау тапқан. Артынша газ қауіпсіздігі қызметіне хабарласып, күн суықта жылыту жүйесін сөндіруге мәжбүр болған.

Сайран Накупова, қала тұрғыны:

- Апаттық қызметтің жігіттері келді, далада бәрі жақсы, қатпаған. Мен оларға айттым, приборларыңды әкеліп, мынаны өлшеп көрейік дедім. Келсек, 0,15 дейді. «Сөндіріңіз, мынау жарылып кетуі мүмкін» деді. Бірақ мына сигнализатор жұмыс істеген жоқ. Мына сигнализатор дыбыс беріп, клапан жабу керек мында. Ондай болған жоқ. Ол жігіттің көзінше де болған жоқ. Мен видеоға бәрін түсіріп алғам түнде. Сондықтан «ҚазТрансГаз Аймақтан» мысалы өткенде негізі САГС ресейлік Саратовский сигнализатор болу керек мында госреестр бойынша.

Осы жағдай бойынша оқиға орнына келген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өкілі пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты.

Ал Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Руслан Ораловтың айтуынша, шығынды қазандық орнатқан мердігерлер өтеуі тиіс.

Руслан Оралов, Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары:

- Арнайы комиссия құрылып, газдандырылған тұрғын үйлердің қауіпсіздігін тексереміз. Көгілдір отын жеткізілген әр үйді бақылауға аламыз.

Қызығы сол, біз сұхбат алып тұрған кезде белгісіз біреулер тұрғын сұратқан ресейлік құрылғыны төрдегі үстелге қойып кетіпті.

Сайран Накупова, қала тұрғыны:

- Анама беріпті. Мұнымен менің ғана проблемам шешілмейді. Халықтың көбінде тұрған жанағыдай сигнализатор, соған ұқсас. Ол 5-ақ мың теңге тұрады.

Дабыл құрылғысына қатысты қатаң талаптың бар-жоғын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қалалық өндірістік филиалының директоры Нұрлан Сармұхановтан біліп көрдік.

Нұрлан Сармұханов, «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ қалалық өндірістік филиалының директоры:

- Құбырдан шыққан газ мөлшерін өлшедік. 1 текше метрге 0,15 миллиграммнан келетіні анықталды. Бұл қауіпті емес. Ал арнайы құрылғы газ көлемі 1 текше метрі үшін 10 миллиграммнан асқанда ғана дабыл белгісін береді. Мердігер компанияларға құрылғы маркаларын таңдау бойынша еркіндік берілген. Өз тарапымыздан дабыл құрылғыларының мемлекеттік реестрде болу қажеттілігі туралы хатымызды Сауда және интеграция министрлігіне жолдадық. Ресми жауапты күтіп жатырмыз.

Бүгінгі таңда 160-қа жуық жеке тұрғын үй газдандырылған. Қала бойынша газ құрылғыларын қондырумен айналысатын мердігер ұйымдардың саны 60-тан асады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы