429,68 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында жетімдер үйі азайды

  • 125
  • UPD: 10:19, 26.02.2021

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін интернаттың да саны қысқарған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мичурин, Қалқаман және Тереңкөл балалар үйі жабылды. Есесіне, патронаттық жүйе дамып келеді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Тереңкөл ауылындағы балалар үйі сонау 1934 жылы ашылыпты. Содан бері жетімдіктің тауқыметін тартқан талай жеткіншекке пана болды. Соңғы уақытта интернат тұрғындарының саны 24 балаға қысқарды. Оның жартысы студент. Сондықтан мекемені жауып, тәрбиеленушілерді отбасы үлгісіндегі балалар үйлеріне ауыстыруға шешім қабылданды. Бос қалған ғимарат балабақшаға айналады.

Үміт Кабышева, Тереңкөл балалар үйінің директоры:

- Бізге балалармен қоштасу оңай болмады. Қатты уайымға салындық. Бірақ мұндай мекемені жабу – уақыт талабы. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылында барлық жағдайлар жасалған. Жақсы тәрбие алып, оқуларын ары қарай жалғастыратын болады.

Александра Пахандрина Тереңкөл ауылындағы балалар үйінде ұзақ жылдар музыкадан сабақ берген. Ол кішкентайынан көз алдында өскен Миленаны патронаттық тәрбиеге алып отыр.

Александра Пахандрина, Тереңкөл балалар үйінің тәрбиешісі:

- Мен үшін барлық бала бірдей. Бірақ Милена маған ерекше ыстық. Ол мерекелік шараларға белсенді қатысатын. Туған қызымдай жақсы көріп кеттім. Қазір міне, бір отбасында өмір сүріп жатырмыз.

Милена сияқты жолы болған бүлдіршіндер аз емес. Бес жыл бұрын апалы-сіңлілі  Александра мен Наталья Кискиналарды медицина саласында 40 жыл еңбек еткен Қарлығаш Шыныбаева асырап алады. Наталья қазір колледжде оқиды. Кішкентей Саша музыкаға ден қойған.

Александра Кискина, 5-сынып оқушысы:

- Мен анамның арқасында осындай тамаша музыкалық аспап, фортепианоны үйреніп  жатырмын. Хорға да қатысамын. Көптеген шығармаларды үйрендім. Болашақта актриса болғым келеді. Менің тағы бір арманым бар. Ол – ветеринар болу. Себебі жануарларды өте жақсы көремін.

Қарлығаш Шыныбаева, ата-ана:

- Мен өзімді өте бақытты сезінемін. Бойымдағы бар күш-жігерімді осы екі қызымның жақсы адам болып қалыптасуына арнағым келеді. Балаларсыз өмірді көз алдыма елестете алмаймын.

Осыдан 10 жыл бұрын Павлодар облысында 20 шақты балалар үйі болған. Қазір 8 мекеме қалды. Оларда жалпы 326 бала тұрып жатыр.

Гүлмира Байғазинова, облыстық білім беру басқармасының балалар құқығын қорғау және инклюзивті тәрбие бөлімінің жетекшісі:

- Соңғы үш жылда қуаттылығы 70 және 100 орынға шақталған үш балалар үйі жабылды. 232 бала азаматтардың отбасына берілсе, 377 бала туған туыстарына қайтарылды.

Айта кету керек жаңа ережелерге сай баланы отбасына қабылдап алмас бұрын ата-аналар дайындықтан өтеді. Бүгінде Павлодар облысында бала асырап алушылар үшін 8 мектеп жұмыс істейді. Онда 116 адам оқып жатыр. Ал 98 адам жауапты қадамға дайын көрінеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы