Түркістан облысында жұма намазын мешітте оқуға рұқсат етілді

Түркістан облысында 1 наурыздан бастап жұма намазын оқуға рұқсат беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Десе де, карантин талаптары бұрынғыша сақталуы тиіс. Яғни, мешіттердегі жамағат 30%-тен аспауы керек. Медициналық бетперде тағып, арақашықтық сақтау қатаң талап етіледі. Бұл туралы Түркістан облысының бас имамы хабарлады. Еркебұлан Қарақұловтың айтуынша, келесі аптадан бастап облыстағы барлық мешіттерде жұма намазы жамағатпен бірге оқылады. Қазірден бастап өңірдегі 750 мешітте зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Бұл шешім премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында қабылданды. Жұртшылық пен жамағаттарды карантин шегінен шықпай, талапты орындауға шақырамыз. Тұмауратқан немесе дене қызуы көтеріліп сырқаттанған адамдардың қоғамдық орындарға бармауын сұранамыз», - деді облыстың бас имамы. Сондай-ақ дін өкілдері жаназа шығару және жерлеу рәсіміне қатысушылардың санын 50 адамнан асырмауды ескертті.