Түркістандық кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың жұмысына шағымданды

Түркістандық шаруа 1 жылдан бері әділдік іздеп жүргенін айтып, шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкердің 4 жыл бұрын мал жайылымы мақсатында конкурс арқылы алған жері табан астында заңсыз болып шыққан. Жер дауы сала мамандары мен облыстық прокуратураның отырысында талқыға түсті.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Кәсіпкер Ескендір Құнанбаевтың 2017 жылы Түркістан қаласының әкімдігі өткізген конкурсқа қатысып, ұтып алғаны осы жер. Оранғай ауылының маңы, өзеннің жағасы. Кейін бұл жер Кентау қаласына өткен. Жазда мұнда келіп демалушылардың қарасы қалың болады. Кәсіпкер 2019 жылы осында қараша үйлер тігіп, этноауыл салғысы келген. Кентау қаласының әкімдігіне жерді кәсіпкерлік мақсатта пайдалану үшін өтініш жазған. Әкімдік қолдап, қаулы шығарып бергенімен құжатты кадастр бөліміндегілер жаратпай тастаған. Себеп, бұл жер су қорғау аймағына жақын орналасқан. Оның үстіне ауыл тұрғындарының арызы негізінде тексеріс жүргізген Жер ресурстарын басқару комитетінің мамандары 2017 жылғы конкурсты да заңсыз деп таныған.

Ескендір Құнанбаев, тілші:

- Мені қазір банкрот десе де болады. Сол жерден этноауыл саламын деп жылқы алып, киізүйлер жасаттым. Қазір жұмыс істеу былай тұрсын, жан-жақтан қысым болып жатыр. Сот арқылы жерімнің келісім-шартты жойып тастады. Мәселемді шешу үшін осында келдім. Шешіледі деп айтып жатыр, бұған дейін де солай айтқан. Бірақ не боларын білмеймін.

Кәсіпкерің айтуынша, 2017 жылы Түркістан қаласы әкімдігі өткізген конкурстың заңдылығын дәлелдейтін құжаттардың түпнұсқасы ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Оны әкімдік қызметкерлері Кентауға көшіру кезіндегі қарбаласпен байланыстырыпты. Алайда облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы кәсіпкердің мәселесін бақылауда ұстайтынын айтты.

Орынбасар Кабиштаев, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кеңес төрағасы:

- Сіздің арыздарыңызды біз қабылдап аламыз. Кейін оны тиянақты бақылауға аламыз. Кезінде аукцион арқылы қағаз жүзінде жүрген, ешқандай цифрландыру мәселесіне кірмеген. Ол жергілікті жердегі әр мемлекеттік қызметкердің салғырттығынан болған мәселелер де өте көп. Сіз ғана емес, басқа да кәсіпкерлер бізге келіп жатыр. Сондықтан бұл өз шешімін табады деп біз үміттенеміз. Бақылауда болады.

Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратураның біріккен отырысында сала мамандары жер туралы мәліметтердің қолжетімсіз, жабық екенін сынға алды. Кәсіпкерлер жер телімін сатып аларда ол жердің бос екенін анықтау үшін бірнеше мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздыратынын айтты. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы жақында сандық жүйеге енгізілген порталды іске қоспақ.

Зухра Әмірова, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Яғни, ол порталда барлық мәліметтер болады. Жер бос па, кімге қатысты? Бос емес пе, аукцион қашан болады? Ережесі қалай болатыны бәрі, яғни кім ұтты? Ол жерді, кімге беріліп жатқанын, әрбір Қазақстан азаматы біліп отырады.

Мамандардың айтуынша, соңғы 2 жылда облыстық кәсіпкерлер палатасына 850-ге жуық кәсіпкерден шағым түскен. Оның 30%-ке жуығы жерге қатысты болған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы