Алматылықтар зәулім ғимараттың құрылысына қарсы шықты

Алматыдағы «Самал-2» шағын ауданының тұрғындары самал желді ұмыттық дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені тұрғын үйлер жанына жапсарлас салынып жатқан құрылыс көп. Кейінгі жылдары бой көтерген көпқабатты үйлер мен бизнес орталықтардың көптігінен көшелер де тарылған.

Алмас Садуақас, тілші:

– Мына қақпаның ар жағында бір гектардан аса жер бар. Жерді меншік иесінен сатып алған компания ескі үйлерді сүріп, орнына алып ғимарат салмақ. Онымен қоймай, жер аумағын кәдімгідей кеңейтіп, жолдың қақ ортасына мына темірді қадап тастады. Жол тарылғандықтан, жергілікті тұрғындардың еркін жүріп-тұруы қиындады.

12-үйдің айналасындағы қосалқы ғимараттар мен бизнес орталық құрылыс талаптарына сай салынбаған. Ол былай тұрсын, енді ескіріп, тозығы жеткен үйлер орналасқан жер сатылып, орнына жекеменшік компания 18 қабатты ғимаратты салуды жоспарлаған. Ал бұл жерде 133-ші мектеп бар. Жол тарылғандықтан, көлік те еркін өте алмайды дейді наразы халық.

Совет Татанбаев, қала тұрғыны:

– Бұл қаланың коммуналдық аумағы. Оны да қазір кесіп алды. Қазір мектеп ашылса, көлік бұрылатын жол жоқ. Өрт сөндіретін көлік келе алмайды. Эксковатор жүре алмайды. Сұраған жоқ. Мен әкімге де хабарластым. Ешкім жауап бермейді. Бәрі қашады.

Гүлнәр Көмекбаева, қала тұрғыны:

– Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл жерде саябақ, балалар ойнайтын алаңқай болуы керек. Алайда кейін ол жоспар қалайша өзгеріп кеткені мүлдем түсініксіз. Саябақ орнына 18 қабатты ғимараттың құрылысы жүргізілмек. Егер ол ғимарат салынса, мұндағы жер де, ауа да тарылады.

Жерді алған меншік иесі де, мердігер мекеме де жергілікті тұрғындармен кездесіп, мән-жайды түсіндірмеген. Қандай ғимарат салынатыны туралы нақты дерек жоқ. Анығы «Диалог строй» компаниясының атынан қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасына құрылыс жүргізу туралы алдын ала хабарлама беріліпті. Бірақ ол қандай ғимарат болатынынан басқарма басшылығы әзірге хабарсыз. 

Алмасхан Ахмеджанов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:

– Қазіргі уақытта бізге әлі жоба келген жоқ. Біз қандай үйлер болатынын білмейміз. Бірақ құрылыс бар болса тек қана нормамен қабылданады. Нормалармен тексеріледі. Одан кейін ғана рұқсат беріледі.

Қоршаудың ішіндегі бірнеше ескі үй сатылып, иелері былтыр көшіп кеткен. Қаланың қақ ортасында орналасқан бұл жер аумағын иемденген меншік иесі саябақ салып, балалар ойнайтын аула жасамайтыны анық. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев орталықта құрылысты бей-берекет жүргізуге тыйым салған болатын. Жалпы Алматының тарихи орталығында 36 жер телімінің жеке меншікте екені анықталды. 14 жер телімінде құрылыс басталды. 3 нысанның құрылысы тоқтатылып, әрі рұқсат құжаттары қайтарылған.

Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев