Теміртау тұрғындары екі тәулік бойы жылусыз отыр

Шаһардағы №2 энергия орталығында ақау шығып, жылу көрсеткіші күрт төмендеп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мамандар жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ әбден тозған қазандықтарды қалпына келтіру қиынға соғып тұр.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

– Теміртау қаласының жылу энергия орталығындағы 6 қазандықтың үшеуі бірдей істен шыққан. Соның салдарынан қалаға беріліп жатқан жылу мардымсыз. Шамамен мыңнан астам үйдің тұрғындары тоңып отыр.

Әсел Күзеубаева кешеден бері жылытқышпен жан бағып отыр. Жылуды өшіргеніне бір тәуліктен асқан. Азынаған пәтерде ауырып қалмасақ жарар еді дейді үш баланың анасы.  

Әсел Күзеубаева, Теміртау қаласының тұрғыны:

– Таңертең тұрғанбыз. Үй суып кетіпті. Жел болған соң желмен суып кетті ме деп ойладық. Балалар тоңып, киіндіріп қойдық.

Қазір құрышты қаладағы №2 жылу энергия орталығында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге жылу тек үш қазандықтан беріліп жатыр. Ал оның температурасы 48 градустан аспай тұр. Бұл қалыпты жағдайдан шамамен үш есеге төмен дейді мамандар.

Владислав Цай, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

– Қазандықтардың барлығы әбден ескірген. Сондықтан жиі ақау шығады. Қаланы толыққанды жылумен қамтуға қауқарсыз. Өткен жылы компания қазандықтарды қалпына келтіру, жаңадан 7-қазандықты салу бойынша арнайы бағдарламаны әзірлеген болатын. Ол жүзеге асса, қаладағы энергия тапшылығы біржола шешіледі.

Мамандар бүгін түнгі сағат 11-ге дейін қираған үш қазандықты қайтадан іске қосамыз деп ант су ішіп отыр. Бірақ оның жұмысы тұрақталып, пәтерлерге жылу жете ме, ол жағы әзірге жұмбақ. Ал синоптиктер кешқұрым аяздың 30 градусқа дейін жететінін айтады.

Теміртаудағы №2 жылу орталығының жұмысын бірнеше мемлекеттік орган тексеретін болды. Бұл туралы апаттан соң шұғыл жиын өткізген облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Аймақ басшысы 7-қазандықтың жұмысын жеделдетуді тапсырды. Ал компанияның бас директоры Биджу Наир апат себебінің анықталғанын қалаймыз, мемлекеттік органдарға барынша көмектесеміз деді.

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев