Петропавлда көпқабатты үй жылусыз қалды

Петропавл жұрты да қыстың қақаған аязында жылусыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаланың қақ ортасындағы 9 қабатты тұрғын үйде құбыр жарылып, жүздеген пәтер иесі бірнеше күн бүрсең қағып отыр.

Петропавл қаласының тұрғыны Ирина Суржикова күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Зейнеткер баспанасын бесінші күн қатарынан осылай жылытуға мәжбүр. Өйтпеске басқа амал жоқ.

Ирина Суржикова, қала тұрғыны:

– Мына электр жылытқышты 23-күні барып сатып алдық. Содан бері қосулы тұр. Ас бөлме газ плитасымен жалытылады. Қалың киімдерімізді шешпейміз. Тіпті осылай жатамыз.

Аталған проблема дүйсенбі күні басталды дейді тұрғындар. Содан бері бірте-бірте пәтерлерден жылу жоғала бастаған. Қара суықта қалтыраған қараша халық не істерлерін білмей дал.

БЛИЦ:

– Екі күн бойы су болған жоқ. Жарықта өшіп қалған кездер болды. Далада 30 градус аяз. Үйіміз суып кетті.

– Әлі электр құрылғысын пайдаланып отырмыз. Өрт шығып, жанып кетпесек болды. Үйде кішкентай балалар бар. Бұл деген масқара ғой.

Жылусыз қалып жаураған жұрт бүгін бас көтерді. Бар гәп пәтер иесінің кооперативі төрайымының өз жұмысына салғырт қарауынан болып шықты.

Жылыту маусымы басталар аралдында көпқабатты тұрғын үйде жуып-шаю жұмыстары жүргізілмеген. Ал төрайым оған керісінше халықты кінәлап отыр.

Надежда Шагирова, ПИК төрайымы:

– Кассада ақша жоқ. Тұрғындардың кейбірі мүліктің меншік иелері бірлестігі құрылатынын естіп, бізге ақша төлемей қойды. Қазір бұл үйдің халқының берешегі шамамен 1,5 миллион теңгеден асты. Ал жөндеу жұмыстарына мен жеке қалтамнан ақша шығарып отырмын.

Қатты аяздан жылу құбырлары қысымға шыдас бермей жарылған. Қазір олқылықтың орнын толтыру үшін бірнеше компания жұмылдырылды.  

Болат Жұмабеков, қала әкімі:

– Осы үйде ескі құбырлар болғандықтан, кейбір жерінде апатты жағдайлар болып, оны КСК төрағасы өз қолдарымен жасаймын деп алып еді. Бірақ күштері жетпеген соң, біз өз жағымыздан қосылып, Петропавл жылу желілері кірісіп жатыр. Қирау жұмыстары болған соң, кейбірінде су, кейбірінде ауа қалып қойды. Соны қазір қалпына келтіріп, әрбір подъезде жұмыс жасалып жатыр.

9 қабатты тұрғын үй 1989 жылы салынған. Онда 253 пәтер бар. Коммуналдық желілер болса әбден ескірген. Арнайы бригада енді сәтін салса түнге дейін үйді толықтай жылуға қосуды жоспарлап отыр. 

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев