Алматы облысындағы Тұзкөл тұрғындары ауызсуға қашан жариды?

Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Тұзкөл ауылында ауызсу мәселесі шешімін таппай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен ғасырдың 80 жылдарында салынған су құбырын жаңалауға 5 жыл бұрын 10 млн теңге бөлініп, жөндеуден өткен. Алайда шалғай ауыл тұрғындары тіршілік нәрін әлі күнге дейін алыстан тасып ішеді.

Тәңіртаудың етегіндегі Тұзкөл ауылының халқы жаздың күні суды бастаудан тасып ішсе, қыста шаналарын сүйретіп, су мұнарасына баруға мәжбүр. Өйткені жаз мезгілінде жер асты суының деңгейі төмендеп кетеді. Демек 40 метр тереңдікке орнатылған су сору қондырғысына ауызсу жетпейді. Ал қысы қытымырлау келетін бұл өңірде қараша, желтоқсан айларында орталықтандырылған ауызсу жүйесі жайлы әңгіме қозғаудың өзі бекер.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Тоқсан үйлі Тұзкөл ауылының тұрғындары жалғыз ауызсу көзіне қарап отыр. Малы науадан су ішсе, жаны осы жерден су алады. 2016 жылы ағымдағы жөндеуден өткен ауызсу құбыры қатып қалған.

Ақниет Тоқсанбай, Тұзкөл ауылының тұрғыны:

– Ауызсудың бәрін осы жерден аламыз. Мал суарамыз. Басқа жер жоқ, қатып қалған. Бастаудан алатын едік, ол жақ та қатып қалды. Қазір осы жерден алып отырмыз. Үйден басында шыққан, одан кейін шықпай қалды.

Қадыржан Асанов, Тұзкөл ауылының тұрғыны:

– Осы бір суға қарап тұрамыз. Бұл кей күндері істемей де қалады. Сағат 11-12-лерде әрең қосамыз кей кездерде. Әзір кішкене көмір беріп әкімшілік, сол жерге от жағып, жібітіп алғаннан кейін әрең қосамыз. Малымыз бәрі осы жерден ғана су ішеді. Басқа су ішетін жер жоқ.

2016 жылы Тұзкөл ауылының орталықтандырылған ауызсу жүйесін ағымдағы жөндеуден өткізуге 10 млн теңге бөлініп, ол қаржы толығымен игерілген. Бірақ мердігер су құбыры жүргізілген шұңқырды өте таяз қазып, көме салған.

Ғалым Жусанбаев, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары:

– Оның онша нәтижесі болмаған. Біз осы 2020 жылы өзіміз аудандық резервтен 3 млн теңге бөліп, биылғы жылы жазда тазарту жұмыстарын жүргіздік. Сорғыларын ауыстырдық. Одан бөлек, осы 2020 жылы жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, ауылға ауызсудың, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамаға жолданды. 2022 жылы осы ауылға ауызсу құбырын тартқызу жоспарланып отыр.

Тап осындай түйткіл бұған дейін Қызылшекара мен Жамбыл ауылында да болды. Өткен жылы аталған елді мекендерге ауызсу құбыры тартылып, мәселе түбегейлі шешілді.

Гүлнұр Бұғыбаева, Қызылшекара ауылының тұрғыны:

– Бұрын суды санаулы ғана жерден құдықтан тасып ішетінбіз. 2020 жылдың аяғына таман әр үйге ауызсу кіргізді. Құдайға шүкір, қазір әр үйде су бар. Кір машинаны қосып, әркім өз үйінде жағдайын жасап алды. Игілігін көріп отырмыз.

Райымбек ауданында биыл қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған ауылы Қарасаз бен Шалкөдеге ауызсу құбыры тартылады. Жетісу жеріндегі елді мекендердің ауызсумен қамтылу көрсеткіші 98,3 процентке жетті.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев