Шымкентте табиғи газ желісіне қосылмаған көпқабатты баспаналар тексерілді

Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті билік өкілдері тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін тағы бір мәрте еске салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір шаһардағы 30 үйде көгілдір отын жоқ. Ереже бойынша бұл ғимараттарда тұрмыстық баллондарды қолдануға болмайды. Алайда тұрғындар тарапынан аталмыш талапқа енжар қарайтындары жиі кездеседі. Тексеруге келген құзырлы орган өкілдеріне есіктерін де ашпайды. Құтқарушылар өрт қаупін елемей отырған азаматтарды жауапқа тартуға заң тұрғысынан құқығымыз жоқ дейді. Сондықтан дауыс зорайтқыштың көмегімен қауіпсіздік ережелерін еске салудан басқа амал жоқ.

Ғалымжан Мұратов, Абай аудандық ТЖ басқармасының басшысы:

– Бұл кісілер газ баллонның бәрін жеке газ толтыру авто станцияларынан толтырады. Ақау болуы мүмкін. Соның салдарынан қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Биылғы жылы мұндай оқиға болған. Онда үш адам жарақат алған болатын.