«Еңбек» бағдарламасы: Ақмола облысында 1300 адам өз кәсібін ашуды жоспарлап отыр

Ақмола облысында «Еңбек» бағдарламасына иек артқан азаматтар қатары көбейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл өңірде 1300 адам өз кәсібін ашуды жоспарлап отыр. Олар «Бизнес бастау» жобасына қатысып, іс бастаудың қыр-сырына қанығуға ниетті. Кейінгі үш жылда бизнеске бағыт алғандардың саны облыста 6 мыңнан асып-жығылады.

Қолдан түрлі бұйымдар жасау – Назымгүл Нигматованың бала кезден ермегі. Оған бұл қасиет анасынан дарыған. Қолөнерді серік еткен келіншек бүгінде осы арқылы табыс та тауып отыр. Ауылдағы той-томалақты безендіру – Назымгүлдің жұмысы. Ал кәсіп бастауға мемлекеттік бағдарлама септескен.

Назымгүл Нигматова, кәсіпкер:

– Өзім бірдеңе ашсам екен деп осы уақытқа дейін армандап жүрдім. Содан бір күні естідім, «Атамекен» бизнес бастауда оқытатынын. 20 күндік курс оқыдым. Грант ұтып алдым, керек жабдықтарды сатып алып, бизнесті бастап кеттім.

Көпбалалы ананы жергілікті билік те қолдап, тігін орнын тегін ұсыныпты. Назымгүлдің ауылдасы Людмила да «Бизнес бастау» жобасының игілігін көрді. 15 жылдан бері қолынан ине-жібі түспеген шебер былтыр күзде ателье ашты.

Людмила Максимец, кәсіпкер:

– Бастысы, қызметімізге сұраныс бар. Ұсақ-түйек болса да, бос отырған күніміз жоқ. Кем дегенде 2-3 тапсырыс аламыз. Көбіне ер азаматтар келеді.

Зеренді ауданында бизнеске бет бұрушылар көбейгенін мамандар да айтып отыр. Мәселен, былтыр «Еңбек » бағдарламасы аясында 65 тұрғын қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Олардың дені мал шаруашылығы саласын өркендетуге ниет білдіріпті.

Азамат Жанбетәлин, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– Өткен жылы облыс бойынша «Бизнес бастау» жобасы аясында 1368 адам оқытылды. Соның 433-і грант ұтып, ісін бастады. 805 адамға шағын несие берілді. Қазіргі таңда сол бизнес жобалардың 80 проценті ауыл-аймақта жүзеге асып жатыр.

Үш жыл ішінде «Бизнес бастау» жобасы 6 мыңнан астам ақмолалыққа кәсіп ашудың тиімді тетігі болды. Ал биылғы жоспар бойынша тағы 1300-дей адам бизнестің қыр-сырына қанығады.

Назерке Тоқжан, Анатолий Полянный