433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздары марапатталды

  • 161
  • UPD: 22:58, 26.02.2021

Алматыда республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Игі шара Нұрсұлтан Назарбаев қорының ұйымдастыруымен үшінші мәрте өтті. Оған Іскер әйелдер қауымдастығы да ұйытқы болып жүр. Биыл қатысушылар саны 700-ге жуықтаған. Жобаның көздегені де осы. Мұқтаж жандарға көмек қолын созған жомарт жүректі адамдарды насихаттау. «Хабар Агенттігі» байқаудың тұрақты ақпараттық қолдаушысы болып келеді.

Қайырымдылық – қазақтың қанына біткен қасиет. Сондықтан коронавирус індеті өршіген кезде ел-жұртқа барынша көмек қолын созуға тырыстық дейді семейлік Дәурен Құлшыгеш. Ол басқаратын «Халықтан халыққа» қайырымдылық қоры 200 млн теңгеге жуық қаражат жинап, Ресейден 185 өкпені желдету аппаратын әкелген. Оған қоса емдеу мекемелеріне 17 млн теңгенің дәрі-дәрмегін алдырған. Осы жомарттығы үшін байқаудың «Туған жер» номинациясы бойынша үздік деп танылды.

Дәурен Құлшыгеш, байқау жеңімпазы:

– Қазіргі таңда көпбалалы аналарға бесінші үй әперіп жатырмыз. Бұдан кейін көпқабатты үйлер салсақ дейміз. Кім баспанасыз, жағдайы төмен отбасына, көпбалалы отбасына, кемтар балаларға үйді ұсынсақ дейміз.

Қайырымылық жасаймын деген адамға кедергі жоқ. Ақтөбелік Гүлсім Елекбаева ойыншық тоқуды кәсіп еткен. Бұйымдарын балалар үйлері мен тұрмысы төмен отбасының бүлдіршіндеріне тегін береді. Гүлсім «Асар» номинациясында 2 орынннан көрінді.

Гүлсім Елекбаева, байқау жеңімпазы:

– Қайырымдылық жасау әр адамның міндеті деп ойлаймын. Қолымнан келген нәрсені аямаймын. Кез келген адамға жасаймын.

Байқау жеңімпаздары «Туған жер», «Асар»,«Мейірім жолында», «Батыл жүрек», «Қайырымдылық тарихы» сияқты аталым бойынша анықталды. Биыл оның қатарына жаңадан «Жануарға мейірім», «Бала жүрегі» номинациялары қосылды. Ең жас қатысушы – Ақмола облысынан келген 8 жасар Ералы Долқын. Ол ата-анасының тәттіге берген тиын-тебенін жинап, оны өкпені желдету аппаратын алуға жұмсапты.

Ералы Долқын, байқау жеңімпазы:

– Мен бұл ақшаны бір жыл жинадым. Мен оған ойыншықтар мен балмұздақ алайын дегем. Бірақ ол кезде адамдар ауырып жатты. Содан мен оны балмұздақ алмай, ойыншық алмай, ИВЛ аппаратын алуға жібердім. Оның сомасы – 6 мың 350 теңге.

Арамызда қайырымды жандар өте көп. Бірақ олар жақсылықты жарияламай жасағысы келеді. Дегенмен «Қайырымдылық керуені» оларды халыққа танытып, өзгелердің үлгі алғанын жөн көреді. «Хабар» Агенттігі» осындай жандарды насихаттаудан тыс қалған емес. «Қайырымдылық тарихы» номинациясында топ жарған Ұлағат Құлмановқа арнайы марапатты байқау комиссиясының мүшесі, «Хабар» Агенттігінің» Басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин табыстады.

Байқауға қайырымдылық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы жүргізетіндер қатыстырылмайтынын айта кетейік. Шара алғаш рет ұйымдастырылғанда оған 100-ге тарта адам қатысқан. Былтыр олардың саны 300-ге жуықтаса, ал биыл 667 өтінім түскен. Нәтижесінде 7 номинация бойынша 21 адам жеңімпаз атанды. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы