Шетелден 339 адам коронавирус жұқпағанын дәлелдейтін анықтамасыз келді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, бір тәулікте елімізге барлығы 3 633 жолаушы ұшып келді. Оның 3 294-інде коронавирусқа ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтама болған. Қалған 339-ы ПТР-анықтамасыз келген, барлығы да Қазақстан азаматы.

Атап айтқанда:

- Алматы қаласының әуежайына – 13 рейс, 2 270 жолаушы, анықтамамен - 2 052, анықтамасыз - 218;

- Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына – 10 рейс, 1 260 жолаушы, анықтамамен - 1 139; анықтамасыз - 121;

- Ақтау қаласының әуежайына – 2 рейс, 87 жолаушы анықтамамен келген;

- Қарағанды қаласының әуежайына – 2 рейс, барлық 16 жолаушы анықтамамен келген.

Анықтамасы болмаған Қазақстан азаматтары келген жерлері бойынша COVID-19-ға ПТР-талдау әдісімен тестіленді және карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтуде. Сондай-ақ мәлім етілгендей, 25 ақпанда шетелден анықтамасыз келген Қазақстанның 496 азаматының коронавирусқа тест нәтижелері дайын болған. Сөйтіп, «Шарм-эль-Шейх – Нұр-Сұлтан» рейсіндегі 1 жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталды.