430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында ауылшаруашылық техникалары қайта өңдеуге қабылданып жатыр

  • 139
  • UPD: 18:05, 27.02.2021

Ескі комбайндар мен тракторлар утилизацияға қабылданып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарамсыз ауылшаруашылық техникасын өткізіп, жаңасына жеңілдік сертификатын алуға болады. Осылайша, шаруаларға қолда бар техниканы жаңарту мүмкіндігі ұсынылып отыр. Қазірдің өзінде мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланып жатқандар аз емес.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қалқаман Жананбаев бұл тракторды шағын шаруашылығын дөңгелету үшін алыпты. Тоқтаусыз 20 жылдай жұмыс істеген техникасы бүгінде әбден ескірген. Тіпті кейінгі кездері құрал-саймандары табылмаған соң есік алдында қаңтарылып тұрған екен. Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін түсінген шаруа МТЗ-80-ді қабылдау пункітіне әкелді.

Қалқаман Жананбаев, шаруашылық жетекшісі:

- Мына бағдарлама бойынша ескісін өткізіп, сертификат алсақ па деген ойымыз бар. Бағдарлама өте тиімді. Неге десеңіз, бізде бұндай ақша жоқ сатып алатын. Техникасыз іс бітпейді. Осыны қазір жаңадан осы бағдарлама бойынша соқасы бар, тіркегіші бар бәрі біге келеді деп жатыр. Соны алсақ, сосын малымызды да көбейтеміз. Егінімізді де көбейтеміз.

Орталыққа өткізіліген көліктің құжаты, қаңқасы, қозғалтқышы сынды негізгі бөлшектері болуы шарт. Сонда ғана комбайндарға екі млн, ал тракторға бір млн теңгенің сертификаты беріледі. Субсидия қаржысы жаңасының жалпы құнынан шегерілмек. Науқан басталған бір айдың ішінде бұл жерге 25 дана ауылшаруашылық техникасы әкелінген.

Самат Шаймарданов, көлік қабылдау орталығының басшысы:

- Техниканы өткізу еш қиындық тудырмайды. Ол үшін біздің сайтқа тіркеліп, содан кейін көлікті суретке түсіріп жіберуі керек. Оны орталықта отырған оператор қарап шешім қабылдайды. Өтініш мақұлданған жағдайда иесіне ескертіліп, қай күні келетіні айтылады.

Ауылшаруашылық техникаларымен бірге жүк таситын және жеңіл автомобильдер мен автобустар да қабылданып жатыр. Қаражат аталған көліктердің көлеміне қарай төленеді.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Ескі көліктерді утилизацияға қабылдау елімізде 2016 жылы басталған. Содан бергі бес жылдың ішінде 170 мыңға жуық жарамсыз техника міне мынандай престелген күйде қайта өңдеуге жөнелтілген.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы