Ақтөбе облысында еріктілер су қоймаларындағы мұзды ойып жатыр

Қыстың осы бір кезеңінде балықтарға қауіп бар. Өйткені мұз қалыңдағанда су астында ауа жетпейді.

Осыған байланысты Ақтөбе облысында еріктілер мен табиғат жанашырлары мұзды ойып, астына оттегі жіберіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл – қалаға жақын жатқан Сазды өзені. Қыс түскелі мұнда 50 сантиметр, ал кей жерлерде одан да қалың мұз қатқан. Салдарынан астындағы ауаның аздығынан балыққа төнетін қауіп аз емес. Ал, көмірқышқыл газын бөлетін қалың тұнбаның бұзылуынан көктемде экологияға да нұқсан келуі әбден мүмкін. Сондықтан өзенде жүздеген үкі ойылмақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Көл бетінде қатқан мұзды ойып, қамыс салу – су астындағы балықты құтқарудың бірден-бір жолы. Яғни бұның айналасында ешқандай мұз қатпайды және осы қамыстар арқылы су астына оттегі барады. Қазір дәл осындай жұмыстар облыстағы су айдындарының барлығында да жүргізіліп жатыр.

Бүгінде өңір бойынша балық шаруашылығына арналған 86 өзен-көл бар. Оның 40-қа жуығында су деңгейі өте төмен. Сондықтан қаңтардың басынан бері үкі оюдан өзге, кей жерлері көлемді етіп жарылуда. Нәтижесінде сазан, табан, мөңке, шортан мен өзге де балық түрлерінің тіршілік етуіне жағдай жасалып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл іске бюджеттен еш қаржы бөлінбейді. Тек тиісті жұмыс жүргізетін адамдарды тасу аудан әкімдіктеріне жүктелген.

Береке Тоғаев, «Тобыл – Торғай» облысаралық бассейндік бш инспекциясы басшысының орынбасары:

- 40-тың үсндегі су айдындарында балық қырылу қаупі бар. Себебі, су деңгейі таяз, екі метр шамасында. Ырғыз ауданында, Ойыл ауданында судың деңгейі төмен және кішкентай тоғандар бар көктемде екі жыл бойы су келмегендер. Сол су айдындарында да судың деңгейі төмен. Және оларда сол бекітілген балық шаруашылығы субъектілерімен жалға алған, солар өздері жүргізіп жатыр.

Ал, су айдындарын жалға алған табиғат пайдаланушылар мұндай жұмысты өздері жүргізуі тиіс. Істің сапалы атқарылуын жауапты мекемелер бақылайды.

Болат Тасболатов, Табиғи ресурстар және ТП реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Олар келісімшарттық міндеттемелер бойынша бұл жұмысты жүргізуге міндетті. Орындалмаған жағдайда келісімшарт біржақты бұзылатын болады.

Қалың мұз қатқан су айдындарында үкі оюға волонтерлер мен табиғат жанашырлары да атсалысуда. Бүгінге дейін облыс көлеміндегі өзен-көлдерде жеті мыңнан астам ойық салынған. Бұл жұмыс күн жылынып, қар ерігенше жүргізіле бермек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев