Коронавирус: Елімізде Ashyq мобильді қосымшасы сынала бастады

Үш қалада Ashyq мобильді қосымшасы қолданылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл адамдардың коронавирусқа шалдыққанын яки науқас емес екенін көрсетеді. Қазір елорда, Алматы және Қарағанды қалаларындағы кейбір орындарға тек осы қосымша арқылы ғана кіруге болады.

Бұл шектеу кейбір тұрғындардың наразылығын да тудырған. Әлеуметтік желіде осы арқылы билік адамдардың жүріс-тұрысын бақылауға көшті деген пікірлер де айтылып қалады. Шынында солай ма?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды. Дәл осы қалаларда қазір Ashyq мобильді қосымшасы қолданылып жатыр. Бұл жүйе – адамдардың індет жұқтырған яки жұқтырмағанын көрсетеді. Ол болмаса фитнес-клубтарға, СПА-орталықтарға, сауна, бассейн, компьютер және боулинг клубтарға кіре алмайсыз.

Гайнель-Хаят Машрапова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас маманы:

- Қазір бұл жүйе 40 шақты орында сынақ түрінде қолданылып жатыр. Оның ешқандай саяси астары жоқ. Бұл қосымша қоғамды қауіпті індеттен қорғау үшін жасалғанын түсіну керек.

Мобильді қосымшаны алдымен телефонға жүктейсіз. QR-кодты сканерлеп, сосын жеке идентификациялық нөмірді енгізесіз. Сол кезде сізге 4 түстің біреуін көрсетеді. Көк – жақын уақытта ПТР-тест тапсырмағаныңызды көрсетеді. Жасыл түс – індет жұқтырмағаныңызды білдіреді. Сары – науқастармен байланыста болғандарға беріледі, ал қызыл түс – коронавирус жұқтырғандарға ғана шығады. Сары және қызыл түс көрсетсе, қоғамдық орындарға кіре алмайсыз.

Иван Смирнов, фитнес-клубтың атқарушы директоры:

- Келушілердің көбі бұл жүйені құптап жатыр. Олар да жаттығуға келген кезде алаңсыз, дене шынықтыра алады. Өйткені біз індет жұқтыру қаупі бар адамдарды орталыққа жолатпаймыз.

Бұл жобаға қарсы шығып жатқандар да бар. Әсіресе, әлеуметтік желіде ойы сан-саққа жүгірткендерді кезіктіресіз. Мамандар «қазір әліптің артын бағамыз» дейді. Сынақ сәтті өтсе, мобильді қосымшаны басқа орындарға да қолданып көрмек.

Гайнель-Хаят Машрапова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас маманы:

- Алдағы уақытта бизнес нысандардың тізімін кеңейтуіміз мүмкін. Барлығы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты.

Пилоттық жоба қай уақытқа дейін сыналары әзірге белгісіз. Мамандар оны басқа қалаларға да енгізуі мүмкін. «Қайткен күнде де, мұның ешқандай саяси астары жоқ», дейді. Мұндай жүйе әлемнің өзге елдерінде де қолданылып жатыр.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Рахманбердиев