Журналист биыл үшінші рет «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпазы атанды

Жақсылық жасаудың жолы көп. Қалалық телеарнаның журналисі Ұлағат Арғынұлы қаламының қарымы арқасында мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, көптің алғысын алып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше ол Нұрсұлтан Назарбаев қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпазы атанды.

Ұлағат Арғынұлының журналистикаға араласқанына көп бола қойған жоқ. Қай тақырыпта болмасын қарымын танытып жүрген жас маман: «адам тағдырына қатысты мәселеге бей-жай қарай алмаймын», - дейді. Жалғызбасты әже, көп балалы ана, науқас бала мен үйі отқа оранған отбасылардың мұңын сюжетіне арқау етіп, мәселенің оңынан шешілуіне ықпал етіп жүр.

Ұлағат Арғынұлы, тележурналист:

- Жалғызбасты әжей біздің арнамызға телефон соқты. Материалдық тұрғыда болсын, азық-түлік тұрғысынан болсын өзіне көмек керек екенін айтып хабарласты. Біз демде түсірілім тобымызбен жеттік. Еріктілерімізбен бардық. Бірнеше еріктілер болып ауласын ретке келтіруге көмектестік, азық-түлікпен қамтамасыз еттік.

Телеарнаның жаңалықтар бөліміндегі «Мейірім мекені» айдарында Ұлағаттың қамқорлық тақырыбында 30-ға жуық сюжеті жарық көрген. Қайырымдылықтың да қайыры бар. Ұлағат Арғынұлы кеше ғана Нұрсұлтан Назарбаев қорының ұйымдастыруымен биыл үшінші рет өткен республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпазы атанды.

Ұлағат Арғынұлы, тележурналист:

- Мұқтаж жандарға көмек көрсету, қолымыздан келгенін аямау бұл мамандықтан бұрын адамдық алдындағы парызымыз ғой деп білемін. Бүгінгі жеңістің артында тек қана мен емес, басшылық қызметтен бастап, шығармашылық ұжым бар, техникалық ұжым бар. Жалпы әріптестерімнің еңбегі тұр.

«Мейірімділік танытудың, жақсылық жасаудың шекарасы жоқ. Бұл кез келген адамның қолынан келетін іс», - дейді жас маман. Айта кетейік, жомарт жандарды жұртқа танытуды мақсат тұтқан «Қайырымдылық керуені» шарасына биыл 667 өтінім түскен. 7 аталым бойынша 21 адам жеңімпаз атанды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев