Ақтауда колледждің 200-ден астам студенті волонтерлікпен айналысады

Олар бірнеше жылдан бері қайырымды іс жасап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттар үйінің тұрғындарына қолғабыс етіп, қажет заттарын жеткізіп береді. Бұл іске қоғамдық қорлар мен демеушілер де көмектеседі. Еріктілер білім ордасында волонтерлік қозғылысының негізін қалаған ұстаздарына алғыс айтты. Еліміздегі оқу орындарында «Қайырымды істер» марафоны аясында осындай челлендж жүріп жатыр.

Ильгиз Айбағаров, ерікті:

– Былтыр пандемия уақытында зейнеткерлердің үйден шықпауын өтініп, азық-түлік себеттерін жеткізіп беріп жүрдік. Жалпы жасы үлкендердің үнемі бақылауда болғаны дұрыс деп ойлаймын. Қайырымдылық іспен айналысуға шақырған ұстаздарымызға алғыс айтамыз.

Раиса Маденова, ардагер ұстаз:

- Осы колледж ғимаратында көптеген іс-шара жасалды. Жастардың бізден үлгі алып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы бізді қуантады. Бүгінгі волонтерлеріміз – ертеңгі жас маман. Қай салада жүрсе де, ізгі істермен айналысарына сенеміз.