Түркістанда бес адам бақилық болған үйдегі пешке техникалық сараптама жасалады

Түркістан қаласындағы 5 адамның өліміне газды дұрыс пайдаланбау себеп болуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, үйде «ирандық пеш» орнатылған және қауіпсіздік сақталмаған. Оқиғаның мән-жайын арнаулы комиссия анықтайды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 

Қайғылы оқиға 26 ақпан күні кешкісін мына үйде болған. Базарда сауда істейтін 41 жастағы келіншек 27 ақпан күні жұмысына бармаған. Қасында бірге сауда жасайтын танысы телефонына хабарласып, ала алмаған соң көршілеріне хабар берген. Кеше кешкісін Кенжебай есімді мына азамат бір топ көршілерін ертіп, келіншектің үйіне барған. Есік ішінен жабық болғандықтан терезесін қағып, ішке үңілгенде сұмдық жағдайдың куәсі болған.

Кенжебай Мақұлбеков, көршісі:

- Терезесін аштық, әйел есіктің аузына құлаған. «102» мен «103»-ке звондадым. Солар келіп ашып кіргенде әйел тазикке құсып, сол жерде қалып кеткен. Екі үлкені сол жерде жатыр. Кішкентай қызы арғы бөлмеде, кішкентай баласы бергі бөлмеде жатыр. Ешқандай иіс білінген жоқ.

Қайғылы оқиға болған кезде жолдасы денсаулығына байланысты Шымкент қаласында ем қабылдап жатқан. Үйінде келіншегі мен 4 баласы ғана болған. Дүйсенбековтар әулеті үйге табиғи газды былтыр қараша айында қостырған. Ішке «ирандық камин» деп аталатын пеш орнатқан. Мамандар мұндай пештің қауіпті екенін және бұл үйде қауіпсіздік шаралары сақталмағанын айтады.

Шалқар Омарбеков, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ТО өндірістік филиалының директоры:

- Құжатпен сәйкес келмейді. Техникалық шарт алған кезде біз дабыл қаққыш болу керектігін, қазандықтың қай жерде орналасу керектігін, тамақ шіетін бөлмеден бөлек. Жасанды ауа алмастыратын каналы болу керек, терезесі болу керек деген барлық кеңестер берілген болатын. Бірақ олар бұзылып, бізге алдына ала көрсеткен құжатпен сәйкес келмейді.

Мамандар алдын ала болжам бойынша 5 адам өліміне осы пештен шыққан улы газ себеп болуы мүмкін деп отыр.

Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД басшысы:

- Қазіргі таңда алғашқы болжам бойынша «иісті газдан уланып қайтыс болды» деген болжам бар. Тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін қосымша хабар беріледі.

Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы, 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Пештің ережеге сәйкес орнатылғанын анықтау үшін техникалық сараптама жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, марқұмдардың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш