Елімізде 225 медициналық қызметкер коронавирустан көз жұмды

Елімізде әлі де коронавирус індетімен 17 мың медициналық қызметкер күресіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемия басталғалы жедел жәрдем шақырушылар да бірнеше есеге көбейген. Өздерінің денсаулықтарын, өмірлерін қатерге тігіп, 1300 маман науқастардың үйіне барады. Тіпті жұмыс бабымен жүріп те қайтыс болғандары қаншама?! Мәселен, елімізде 225 медициналық қызметкер ковид жұқтырып, қаза тапты. Соңғы екі айдың өзінде 4 дәрігер көз жұмды. Бұл мамандықтың мәртебесін көтеріп, қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылы жалақылары екі рет 30%-тен өсірілді. Биыл дәрігерлердің орташа айлығы 320 мың теңге, ал медициналық қызметкерлердікі 173 мың теңге. Бірақ бұның өзі қауіпті індетпен күресте алғы шепте келе жатқан дәрігерлердің зор еңбегін өтеуі болмасы анық. Сондықтан бүгінгі Алғыс айту күні барша халық ең әуелі талай өмірді арашалап қалған ақ халатты жандарға бас иетіні анық.