М.Әшімбаев: Алғыс айту күні бұқаралық сипатқа ие болып келеді

Бүгін елімізде Алғыс айту күні аталып өтуде.

Осыған орай Сенат спикері қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

«Қиын-қыстау жылдарда біздің жерімізге қоныс аударылған түрлі этнос өкілдерінің бүгінгі ұрпақтары қазақ халқына және қазіргі таңда өздерінің де қастерлі Отанына айналған қазақ еліне алғыс білдіруде. Бұл – адамгершіліктің, әділеттіліктің және жасампаздықтың жарқын көрінісі.

Елбасымыздың бастамасымен күнтізбемізге қосылған мереке татулық пен тұрақтылықты, келісім мен достықты және бірлік пен берекені дәріптейді. Мұның бәрі қазіргідей күрделі кезеңде аса маңызды құндылықтар екені анық. Сондықтан бұл күн Мемлекет басшысының да басты назарында екенін айта кеткен жөн.

Жыл өткен сайын қоғамда Алғыс айту күні бұқаралық сипатқа ие болып келеді. Оған 1 наурызда ұлтты ұйыстыратын іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылуы айқын дәлел. Алдағы уақытта осы үрдіс лайықты жалғасын тауып, бұл мейрам халқымыздың ырыс-ынтымағын арттыруға өз септігін тигізе береді деп сенеміз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызға айрықша алғысымды білдіремін. Қашан да жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, елдік мүдде жолында еселі еңбек ете берейік. Әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасай берсін!» – делінген мәліметте.