ШҚО-да Германиядан қайтып оралған кәсіпкер ауылын көркейтуге атсалысып жүр

Туған жердің гүлденуі әр азаматты бей-жай қалдырмауы керек.

Сонда ғана шалғайдағы елді мекен тұрғындары шалқып өмір сүреді. Бородулиха ауданының тұрғыны Константин Поп 25 жыл бұрын тарихи Отаны Германияға қоныс аударған. Алайда туып-өскен өлкесін ұмыта алмай, ақыры 8 жылдан соң кері оралды. Кәсіпкер қазір жерлестерімен бірге ауылды көркейтуге атсалысып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эльмира Ахметова, тілші:

- Татьяна Мигоч – ауыл болашағына атсалысып жүрген азаматтардың көмегін көргендердің бірі. Зинковка ауылдық поштасында 9 жылдан бері қызмет етіп жүрген ол ғимараттың ескілігінен жұмысынан да айырылып қала жаздаған. Төбесі опырылып, қабырғасы қақырап тұрған нысан апатты деп саналып, бұл бөлімшені жабу туралы шешім қабылданған. Абырой болғанда аудандағы кәсіпкерлер өз қаражаттарына поштаны күрделі жөндеуден өткізіп берген. Сөйтіп, ауыл халқы қайтадан хат-хабар алыса бастаған.

Татьяна Мигоч, пошташы:

- Әсіресе, коронавирус өршіп ,карантин күшейіп тұрған кезде поштаның қажеттілігі қатты сезілді. Бұл жерде күні-түні жұмыс жүріп жатты, тіпті демалыс дегенді білмей қалдық. Сондықтан пошта бүкіл ауылдың тыныс-тіршілігі білінетін маңызды орын деп санаймын.

Қарапайым жұрт қамы үшін игілікті іс тындырып жүргендердің бірі – Константин Поп. Германияға көшсе де, Бородулихадан баз кеше алмаған ол ақыры туған өлкесіне оралып, оны өркендетуге бел шеше кіріскен. «Өйткені кіндік қаным тамған нағыз Отанымның қадірін шалғайда жүріп түсіндім», - дейді ол.

Константин Поп, шаруа қожалығының басшысы:

- Өз Отаныңа жетер жер жоқ екен. Тіпті түп-тамырым Германиядан тараса да, ол жаққа барып едім, өзімді қонақта жүргендей сезіндім. Сегіз жыл болса да, үйренісе алмадым. Сондықтан тек қана туған жеріңде еңбек ету керек деп санаймын. Бұнда бәрі бар. Қазақстанның жері кең. Тек ерінбей әрекет қыл.

Туған жерге ерекше шабытпен келген Константин өскен ауылын өркендетуге ден қойыпты. Қолына қаражат түсісімен алдымен жабық хоккей кортын салып берді.

Кезінде ең мықты хоккейшілер мектебімен танымал болған ауыл үшін бұл нағыз керек дүние еді. Енді мінекей, жасөспірімдер көп уақыты осы жерде өткізеді.

Нұрислам Тілегенов, оқушы:

- Аптасына бес рет болады жаттығу. Сенбі-жексені күндері басқа ауылдан балалар келіп ойнаймыз, бізде командада бір қыз бала қалғаны ұлдар.

Бұнымен қоса, бір топ белсенді кәсіпкер аудандағы амбулаторияны жөндеуге де демеушілік танытқан. «Ауылдағы ағайын үшін осындай жағдай жасалса, одан үдере көшетіндер қатары азаяры анық», - дейді мұндағылар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов