Қазақстанда вакциналаудың екінші кезеңі басталды

Бүгіннен бастап елімізде коронавирусқа қарсы екпе алушылардың тізімі ұлғаяды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вакциналау науқанының екінші кезеңінде мұғалімдер, тәртіп сақшылары мен балабақша тәрбиешілері – ұзын саны 15 мың адам егіледі. Нұр-Сұлтан қаласының Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, вакцина салдыратындардың тізімі бекітіліп, жер-жердегі емханаларға жіберілген. Осылайша, азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханаларға барып, вакцина ектіре алады.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда вакциналау науқаны ақпанның бірінде басталған. Алғаш болып медициналық мекеме қызметкерлері ресейлік «Спутник V» екпесін салдырды. Бір айдың ішінде екі мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы егілді.