Химиялық заттан уланған маңғыстаулық бес баланың беті бері қарады

Күні кеше Ақтауда пәтеріне «Квикфос» препаратын шашқан әйелдің кесірінен жоғары қабатта тұратын 10 айлық сәби мен оның анасы көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 7 адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Олардың бесеуі 5, 7, 8 және 14 жаста, ең кішісі 3 айлық сәби. Таяу күндері олар үйіне шығарылады. Ал 33 жастағы ер адам мен 68 жастағы әйел әзірге дәрігерлердің бақылауында. Науқастарға тиісті емдік шаралар көрсетіліп жатыр. Полицейлер үйін улау жайлы көршілеріне ескертпеген тұрғынды ұстап, қылмыстық іс қозғады.

Мәулен Жұмадилаев, облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:

- Кардиореанимация бөлімшесіне кеше екі науқас улану фактісімен түсті. Түскен кездегі жағдайы ауыр болған. Есі шатасқан, гемодинамика тұрақсыз. Қазіргі таңда байланысқа түседі. Сөйлесіп жатыр, барлығын танып жатыр. Анализ көрсеткіштері бойынша барлығын тұрақтандырдық. Бүгін ол кісілерді профильдік бөлімшеге ауыстырамыз.