Таразда Алғыс айту күніне орай 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды

Алғыс айту күніне орай былтыр ғана облыс орталығында бой көтерген «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің маңында мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

Онда қалалық зиялы қауым өкілдері, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің белсенділері бас қосты десек, оған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та арнайы қатысты.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мерекелік шаралар этномәдени бірлестіктердің халық шығармашылығы және ұлттық тағамдар көрмесімен жалғасты. Келушілер Жамбыл облысында тұратын этностардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен танысуға, сондай-ақ ұлттық тағамдарынан дәм татты.

«Іс-шара қонақтары Алғыс айту күніне орай «Арбат-1» аллеясына ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Мереке күндері облыс орталығының аумағында барлығы 1000 түп ағаш отырғызылды десек, бұл «қазақ халқына мың алғыс» түсінігінің маңызын арттыра түскендей. Ағаш отырғызуға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев та қатысты. Облыс әкімі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бірге шырша көшеттерін отырғызып, су құйды», – делінген мәліметте.