426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Экология министрлігі Финляндиямен ынтымақтастық әлеуетін кеңейтуге ниетті

  • 170
  • UPD: 17:39, 01.03.2021
Экология министрлігі Финляндиямен ынтымақтастық әлеуетін кеңейтуге ниетті

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Финляндияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист ханыммен кездесті.

Кездесу барысында түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Ведомство басшысының айтуынша, технологиялар мен инновациялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын Финляндиямен ынтымақтастық Қазақстан үшін маңызы арта түсуде.

Сондай-ақ Мағзұм Мырзағалиев елшіге Қазақстандағы экологиялық саясат туралы ақпарат беріп, жасыл технологиялар мен табиғи ресурстарды дамыту басымдық болып табылатынын атап өтті.

«Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында біз ұзақ мерзімді жоспарлар әзірлеп жатырмыз. Осылайша, ары қарай газдандыру, қоғамдық көлікті газ отынына көшіру, қалаларды көгалдандыру және т.б. жөніндегі шараларды іске асыру көзделген, сондай-ақ «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде, онда биологиялық әртүрлілікті сақтау және ұтымды пайдалану мәселелеріне назар аударылатын болады», - деп атап өтті Экология министрлігінің басшысы.

Министр жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын, оның ішінде кәсіпорындарда ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, бұл оларды эмиссия үшін төлемнен босататынын да айтты.

«Мемлекет кәсіпорындардың шығындарын бөлетін мұндай тетік әр елде бола бермейді. Біз өндірісті жаңғырту және елдегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында осы тәсілді саналы түрде таңдадық», - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Кездесу барысында тараптар одан әрі ынтымақтастықты талқылады. Осылайша, 1992 жылдан бастап маңызды диалог алаңына айналған бірлескен Қазақстан – Финляндия үкіметаралық комиссиясы жұмыс істейді деп айтылды. 2020 жылдың тамыз айынан бастап Экология министрлігі қазақстан тарапынан комиссия жұмысына жауапты мемлекеттік орган болып табылады. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы ынтымақтастық энергетика, білім беру, көлік, ауыл және орман шаруашылығы, денсаулық сақтау, су ресурстары сияқты салаларда жүзеге асырылуда.

«Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі әлеуетін назарға ала отырып, біз жасыл энергетика, қалдықтарды кәдеге жарату, орман шаруашылығы, табиғи және су ресурстарын ұтымды пайдалану, геологиялық барлау және табиғи ресурстарды өндіру, цифрлық даму, кеме жасау, тамақ, құрылыс, химия өнеркәсібі сияқты салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз», - деп түйіндеді министр.

Хабар 24 телеарнасы