Қарағандыда мұғалімдерді вакциналау басталады

Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенде өндірілген «Спутник-V» вакцинасы дәрігерлерге егіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінге дейін 2150 адамға екпе алған. Енді алдағы сәрсенбіден бастап мұғалімдерді де вакциналау басталады.

Екпе кабинеттеріне ерікті түрде келіп жатқан дәрігерлер өте көп. Медбике Галина Верфель күніге шамамен 70 адамға ине салады екен. Бір ай ішінде 2 мыңнан астам медицина қызметкері вакциналаудан өткен.

Әсия Бошанова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Екпені мен өз қалауыммен алдым. Өйткені мен балалармен жұмыс істеймін. Өз ағайын-туыстарым бар, өз балаларым бар. Солардың арасында өзімді еркін, оларға да өзімнен бұл инфекцияны таратпай, өзімнің де ауырмағаным жақсы. Сондықтан осы вакцинаны алуға өз шешіміммен келдім. Өте жақсы, көңіл-күйім де жақсы. Ешқандай ауырсынған жоқпын.

Бір вакцина 5 бірдей адамға салынады. Әрқайсына 0,5 милилитрден келеді. Сондықтан дәрігерлер кісінің толық жиналғанын күтеді. Өйткені құты ашылған соң, түгел пайдалану керек, сақтауға келмейді.

Светлана Крупская, медбике:

– Екпе алғандар осы жерде дәрігерлердің бақылауында жарты сағат отырады. Егер ешқандай өзгеріс болмаса, үйлеріне босатамыз. Тек менің кезегімде ғана шамамен 600-дей адам болды. Әзірге шағым айтқан ешкім жоқ.

Қазіргі егіліп жатқан вакцинаның екінші компоненті отандық кәсіпорында өндірілген. Сапасы мен қауіпсіздігі жағынан ресейлік дәріден еш айырмасы жоқ дейді мамандар. Айта кету керек, қажетті субстанция көрші мемлекеттен жеткізіліп, Қарағандыда құтыға құйылады. Бірақ ол құтылар Германиядан, ал қақпағы Франциядан алынады екен.

Владимир Фольмер, Қарағанды фармацевтикалық кешенінің өндіріс жөніндегі директоры:

– Дайын субстанцияны құтыға құю да – өте қиын жұмыс. Кез келген зауыттың оған мүмкіндігі келе бермейді. Ол үшін арнайы қондырғы қажет, технологияны сақтау керек. Оның үстіне вакцинаның ыдысы да тапшы. Сондықтан өте көп мөлшерде өндіруге мүмкіндік жоқ.

Мамандардың айтуынша, наурыз айында мұнда вакцинаның 150 мың дозасы өндірілсе, сәуірге дейін бұл көрсеткіш 600 мыңға артады. Осылайша халықты коронавирусқа қарсы вакцинамен қажетті деңгейде қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев