425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Жалақыға жарымай отырмыз». Мектеп медбикелері мен кітапханашылар шағымданды

  • 290
  • UPD: 21:42, 01.03.2021

«Не дәрігер, не мұғалім санатына жатпаймыз. Соның салдарынан айлығымыз да өспейді».

Білім беру саласында жұмыс істейтін медбикелер мен кітапханашылар жалақыларының мардымсыз екенін айтып шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде балабақша мен интернаттарда 5 жарым мың медбике жұмыс істейді. Бала денсаулығына жауапты мамандардың еңбекақысы маңдай терін ақтамайды. Осылай деген депутаттар Үкіметке ұсыныс жолдады. Айлығы шайлығына жетпейтін мамандардың қатарында мектеп кітапханашылары да бар.

Түркістандағы балабақшалардың бірінде медбике болып істейтін Айна Сәйденова бүлдіршіндердің денсаулығын күнделікті тексереді. Қажет болғанда ем де жасайды. Бірақ 25 жыл еңбек өтілі бар маманның еңбекақысы 70 мыңға да жетпейді. Медбикелердің айлығы былтыр 30 пайызға, ал биыл 20 пайызға көтерілді, бірақ білім саласындағы медицина қызметкерлері мұндай қолдаудан қағылып келеді.

Айна Сайденова, медбике:

- Біз сол кісілермен дипломымыз да бірдей, атқаратын қызметіміз де бірдей. Бірақ олар 180-200 мың алады, себебі министрлікке қарағандары үшін. Біз білім бөліміне қарағанымыз үшін 68 мың айлық аламыз. Екі ортада біз қалып кеттік.

Мектептердегі кітапханашылар да жалақыға жарымай келеді. Себебі олар педагогтар тобына енбейді, мәдениет қызметкерлері де емес. 32 жылдық еңбек өтілі бар Гүлнәр Күленова қалалық кітапханадағы әріптесеріне қарағанда 50-60 мың теңгеге аз айлық алады.

Гүлнәр Күленова, кітапханашы:

- Білім бөліміне жалақы қосылып жатыр. Сол кезде біздің кітапханашылар қалып қойды. Себебі бізді мәдениет министрлігіне жатады деп. 35 пайыз айлық қосылды. Ол да бізге қосылған жоқ. Бізге педагог статусын берсе деп сұранып жатырмыз.

Дәл осы «Педагог» мәртебесі туралы заң қабылдағаннан кейін жалақыдағы теңсіздік мәселесі туындады. Енді оны теңестіру үшін арнайы заң керек дейді құзырлы мекеме өкілдері.

Рахымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

– Осы теңсіздікке наразылық білдіріп, медицина қызметкерлері және кітапхана қызметкерлері басқармаға шағымдар, арыз хаттар жазуда. Біз осы хаттарды негізге ала отырып, Білім және ғылым министрлігіне жаздық. Әлі нақты жауап белгілі болған жоқ. Күтіп отырмыз.

Қазір еліміздегі білім беру мекемелерінде 5,5 мыңға жуық медбике, жеті мыңға жуық кітапханашы жұмыс істейді. Мардымсыз жалақыны місе тұтқан осы топтағылардың айлығын қайта қарау керек дейді халық қалаулылары.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мектепке дейінгі мекемелер мен интернаттағы медицина қызметкерлерін Денсаулық сақтау министрлігінің құрамындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіне енгізуді ұсынар едім. Ал мектептердегі кітапхана институтын Мәдениет және спорт министрлігінің құрамына өткізілгені дұрыс. Сонда методикалық қызметтері мен еңбекақылары да салалық нормативтік талаптарға сай жүргізіледі.

Бұл қадам мамандардың лайықты жалақы алуына және біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда Үкіметтің нақты қандай шешім шығарары әзірге белгісіз.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы