Қостанай облысында 95 елді мекенді су басуы мүмкін

Егер қар күрт еритін болса, екі мыңнан астам үйді су шайып кету қаупі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті осындай мәліметті жария етті. Қазір көктемгі тасқынға барынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ақпан айында бірнеше күн бойы соққан қарлы боран жағдайды тіптен күрделендіріп жіберді. Осы мерзімде айлық нормадан 3-4 есе көп ылғал түскен. 

Жітіқаралық төтенше жағдайлар қызметі соңғы апта бойы боранмен арпалысып, қар құсауында қалғандарды құтқарумен айналысты. Ал бүгін көктемгі тасқынға қажетті құрал-жабдықтарын тағы бір тексеріп шықты. Он алты адамға арналған екі моторлы қайық, бірнеше гидрокостюм, су астында жүзетін жабдықтар. Оның ішінде әсіресе су сорғыш машинаның маңызы зор. Көктемгі тасқын біз үшін нағыз қауырт кезең дейді жітіқаралық құтқарушылар.

Серік Естекбаев, Жітіқара қалалық құтқарушылар қызметі бөлімшесінің басшысы:

– Негізінен бізді жеке секторға жиі шақырады. Себебі арықтарды тазартып үлгіре алмай жатады. Сондықтан су жайылып, үйлерге кіреді. 2018 жылы біздің жігіттер қаншама үй жануарын су басқан аумақтардан алып шықты. Қайықпен азық-түлік жеткізіп, адамдарды тасыдық.  

Ауданда қазір шұғыл топ жұмыс істеп жатыр. Олар өзен-көлдерді, су қоймаларын ұдайы бақылауда ұстайды. Жітіқарада бес бөгет бар. Жергілікті билік басындағылардың айтуынша, гидротехникалық құрылымдардың жағдайы жақсы. Мол суды қабылдауға дайын. Бірақ қар күрт ерісе, қай тұстан қауіп төнуі мүмкін екендігін де анықтап қойған.

Радик Искалиев, Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары:

– Жітіқара қаласында 126 үйді су басуы ықтимал. Ол жерлерде 297 адам тұрады. Ал Забелов ауылында 106 үйге су кіруі мүмкін. Тұрғындар саны – шамамен 230 адам.

Ауа райын болжаушылар биылғы қыстың ерекше екендігін айтады. Қар әдеттегіден кеш түсті. Мысалы, желтоқсан айында жұқалап қана жауды. Есесіне ақпанда ақ ұлпаны үйіп төкті. Метерологтар соңғы екі аптада Жітіқарада, тағы да басқа бірқатар ауданда тиісті нормадан төрт есе көп ылғал түскендігін тіркеген. 

Лариса Кузьмина, «Қазгидромет» РМК ҚФ директоры:

– Қазіргі кезде облыс бойынша қардың қалыңдығы 26 сантиметрді құрайды. Ал орташа жылдық норма – 22 сантиметр. Қардағы ылғал мөлшері бүгінде 72 миллиметрге жетті. Тиісті норма 62 миллиметр болатын. Яғни қазірдің өзінде орташа климаттық нормадан асып кетті.

Биылғы ылғал денгейі былтырғымен шамалас. Бірақ алда әлі наурыз айы бар. Бастапқы болжам бойынша, бұл айда ылғал тиісті нормадан көп болады. Оның үстіне ауа райы бұрынғы жылдарға қарағанда жылы болады деп күтіліп отыр. Сондықтан көктемгі тасқын өңірде кем дегенде бір апта бұрын басталуы ғажап емес.   

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг