429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмолалық қазақ отбасы өзге этностың үш бірдей перзентін бауырына басқан

  • 178
  • UPD: 21:55, 01.03.2021

Жетімін жылатпаған ел едік бағзыдан. Қазір де қазақ бұл адами қасиетінен айырылған жоқ. Ұлтты алалауды білмейтін жұртпыз ғой. Бұл сөзімізге дәлел – Ақмоланың Зеренді аймағында тұратын қазақ отбасы өзге этностың 1 емес, 3 бірдей перзентін бауырына басқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бір ғана мысал. Әйтпесе қазақтан қайыр көріп жатқандар аз емес. Солардың бірқатары бүгін бас қалада ұйымдастырылған жиында алғыс айтты.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Ақмолалық 16 жастағы Виктория Клепцованың тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмады. Ол 10 жасына дейін балалар үйінде тәрбиеленді. Соңынан ерген 2 бауыры бар. 3 жетімді өзге этнос өкілі болса да, Ақмола облысы Зеренді ауданындағы қазақ отбасы бауырына басады. Содан бері өмірлері түбегейлі өзгереді.

Ақмола облысының тұрғыны Гүлнәр Ыбраева жолдасымен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. 2015 жылы Ақкөлдегі балалар үйіне барып, Викторияны 2 інісімен асырап алады. Ағайынды Клевцовалар қазақ отбасына тез үйренеді. Салт-дәстүр, тіл мен мәдениетін меңгереді. Бауырына басқан ата-анасы азан шақырып ат қояды. 

Виктория Клепцова, Ақмола облысының тұрғыны:

– Қазақ мектебін бітірдім. Ата-анам, үш ағам, екі інім бар. Ерхан және Олжас. Біз өзіміздің атымызды азан шақырып, қазақшаға ауыстырдық. Менікі Виктория болған. Қазір Айгерім. Екі інімнің аты Иван және Евгений. Қазір бізді ешкім Виктория демейді. Қазақша аттарымызды атайды.

Виктория Абай оқуларына қатысады. Түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып жүр. Мемлекеттік тілге құрметі ерекше. Бауырларын да осыған үндейді. Биыл Көкшетау педагогикалық колледжінің филалогия бөліміне оқуға түсті. Болашақта ата-анасын Мекке апаруды армандайды.

Гүлнәр Ыбраева, Ақмола облысының тұрғыны:

– Біз Ақкөл балалар үйіне барғанда қазақтың қыздары жоқ деді. Анна Васильевна балалар бар деді, бірақ басқа ұлт. Оған қарамаңыз деді. Үйге келгеннен кейін үш балам: «Анашым қорықпаңыз, көмектесеміз» деді. Алып келдік үш баланы. Көп еңбек жасадық. Тәртіптері жақсы, қызымның да, ұлдарымның да. Қызым қолқанат.

Тағы бір кейіпкер Сәуле Есімбекова Қарағанды облысынан келген. Өмірінде 64 литр қан тапсырыпты. 16 жылдан бері донорлық көмек көрсетіп келеді. Қаншама жанның өмірін сақтап қалған.

Сәуле Есімбекова, Қарағанды облысының тұрғыны:

– Бауырым жол көлік апатына түсті. Қан керек болды. Жағдайы қиын екенін көріп, көмек қолын создым. Өмірімде 64 литр шамасында қан тапсырыппын. Көптеген адамға көмектестім. Ауырғандар аяққа тұрып кетті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған дөңгелек үстелде Виктория мен Сәуле де сөз сөйлеп, алғыстарын айтты. Жиылғандар тәуелсіздікке қол жеткізіп, нығайтуға үлес қосқандардың еңбегін атап өтті.

Қырымбек Көшербаев, ҚР мемлекеттік хатшысы:

– Халқымызды тең жартысынан айырған орны толмас тақсірет, еркіндік жолындағы Алаш арыстарының қасіретті тағдыры қазақ халқының жігерін мұқатып, сындырған емес. Тәуелсіздікке деген құрмет толастаған емес. Жаны жомарт қазақ халқы көптеген ұлыстарға пана болды. Шиіттей бала-шағасының нанын бөлісіп жеді. Халқымыздың ыстық ықыласы бүгінгі іргесі сөгілмеген бірліктің кепіліне айналып отыр. Бұл ретте Тұңғыш Президент – Елбасының өлшеусіз еңбегін атап өтуіміз керек.

Алғыс айту күні осыдан 5 жыл бұрын белгіленді. Содан бері мән-маңызы артып келеді. Жаңа бастамалар жүзеге асады. Осы жолы «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» марафоны басталды. Бұл шара елдің түкпір-түкпіріне барып, қиналғандарға қол ұшын беріп, көмек көрсетуді көздейді.

Рауан Мыңбаев, Болатбек Тобылдиев

Хабар 24 телеарнасы