Дүнген ұлтының өкілдері қоғамдық келісімді сақтауға атсалысқан қордайлықтарға алғыс білдірді

«Қазақ еліне мың алғыс». Осындай ұранмен Жамбыл облысының Қордай ауданында мерекелік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған жергілікті этно-мәдени орталықтардың 200-ден астам өкілі атсалысты. Алғыс айту күнін тойлау аудан орталығындағы мәдениет үйінен бастау алды. Мұнда қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, көпшілікке түрлі ұлттардың төл тағамдары ұсынылды. Дәл осындай мерекелік думан Масаншы мен Сортөбе ауылдарында да өтті. Мұнда «Вынхуа» дүнген орталығының өкілдері қоғамдық келісімді сақтауға атсалысқан елді мекен тұрғындарына алғыс білдіріп, мерекелік сый-сияпаттар тарту етті.

Танзиля Апаева, Қордай ауданының тұрғыны:

– Мен қарашай халықтарының атынан қазақ халқына шексіз алғыс білдіргім келеді. Әсіресе, сонау 1943 жылы біздің халыққа қол ұшын созған қазақтарға ризамын. Біз сол жылы Солтүстік Кавказдан осында жер аударылып келдік. Міне, содан бері Қазақстан – біздің екінші Отанымыз. Біз қазақ елін жақсы көреміз.