433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Орал мен Атырау арасында «ажал трассасы» атанып кеткен жол бар

  • 131
  • UPD: 08:32, 02.03.2021

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 38 көлік апаты болып, 22 адам көз жұмған. 80 жолаушы түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Апаттың көбі Орал-Атырау автожолында болған. Осы аралықтағы 7 жол-көлік оқиғасынан 17 адам қайтыс болып, 15-і ауыр жараланды. 

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Оралдан Атырауға дейінгі бұл 500 шақырымдай жолдың «ажал трассасы» атанып кеткені рас. Қос жолақты жолдың ені тым тар болған соң маневр жасау өте қиын. Жол-көлік апаттарының жиілеуі сол себептен дейді жүргізушілер.

Атырауға дейінгі автожолда полиция көліктері көбейген. Тоқтатылған такси жүргізушілерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бірақ жол-көлік оқиғалары бәрібір азаяр емес. Тек соңғы аптада тіркелген 4 бірдей жол апатынан 13 адам көз жұмды. Тәртіпке бас имеген жүргізушілер әрекетінің соңы орны толмас өкінішке  ұрындырды. Трассаның аса қауіпті деп танылған тұстарын енді полиция күзететін болды. Бірақ өзекті мәселе сонымен ғана шешімін таба ма?  

Фируз Кенжаев, жүргізуші:

- Жол бізде өте нашар. Батыс Қазақстан облысынан Атырауға барғанша жол тар, жол қысқа, мысалы, үлкен фуралар келе жатады, жолды кеңейту керек, байлық бар ғой Қазақстанда. Жолды кеңейту керек мәселе сонда. Авариялар болып жатыр, адам өліп жатыр. Мына жер тегіс болар, ары қарай шыққан кезде жол быт-шыт. 110-120 скорость ұстап келе жатамын, адамдар 160-170-пен обгон жасап өтіп кетеіндер бар. жас балдар көбі, білмеймін қайда асығатынын. 

Думан Жұмаев, жүргізуші:

- Өзім таксист болып жүрмін. Осы жүргеніме 2 жылдай болды. Тайғақты күндері өзіміз де ойланып шығамыз ғой. Клиенттер айтады, срочно шаруалары болады, тұманды күндер болады. Сонда да абайлап жүрген дұрыс қой. Базартөбенің анау Атамекен ауылының қасында болған оқиға да тұман болды күн. Жол көрінбейді ғой енді.  

Нұрболат Жетпісов жедел құтқару жасағының тәжірибелі маманы. Қызмет атқарған 16 жылда ол талай қиын жағдайға куә болған.

«Өрт шықпас үшін ең әуелі апатқа ұрынған көлікті қуат көзінен ажыратамыз. Кейін қысылып қалған адамдарды құтқаруға кірісеміз. Олардың босатуға мынадай гидравликалық құралдар қолданылады. Ең соңынан қаза болған адамдар шығарылады», - дейді ол.    

Нұрболат Жетпісов, құтқарушы:

- Өзіме қиындық шақырту түседі, бір жақының, тума-туысың болып қалмасын деп бірінші соны ойланып барамыз. Қиындықтар көп болады қаза болған адамдардың қолдары-аяқтары жоқ, милары шашылып жатады, содан қорықпай, сасқалақтамай жұмыс істеу керек. 

Пандемия басталғалы бері халықаралық және облыс аралық бағытта қатынайтын автобустар да тоқтап қалды. 

Талғат Бисекенов,  автовокзал директоры:

- Көптеген жолаушылар неге автобус жүрмейді деген наразылығын білдіріп жатыр. Ол біздің қолымызда емес, рұқсат берсе біз әзірміз. Автобуспен жүргеннің бір несі қауіптен сақтанады. Таксиге мінуге қорқады. Соңғы кезде таксимен жол апаты көп болып жатыр. 

Дегенмен, бұл мәселе кешікпей шешімін табатын сыңайлы.   

Арайлым Жолекенова, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы

- 2021 жылдың 1 наурызынан күшіне енетін ҚР Бас санитар дәрігерінің  қаулысына сай қалааралық, облысаралық маршурттардың жұмысы жасыл және сары аймақта рұқсат етілген,  қызыл аймақта рұқсат етілмеген. Осыған байланысты алдағы бағытта Орал-Атырау, Орал-Ақтөбе облысаралық маршруттарын жандандыру бойынша жұмыстар атқарылатын болады.   

Келешекте Орал-Атырау автожолының ені 8-ден 15 метрге дейін ұлғаяды. Қазір жобалық сметалық құжаттама дайындалып жатыр екен. Облыстық полиция департаменті тарапынан Орал-Атырау бағытындағы автожолды тиісті деңгейде күтіп ұстауға жауапты мекемелерге 26 әкімшілік хаттама толтырылған. 

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы