433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорданың 39 кәсіпкерлік нысаны Ashyq қосымшасы бойынша жұмыс істейді

  • 122
  • UPD: 14:22, 03.03.2021
Елорданың 39 кәсіпкерлік нысаны Ashyq қосымшасы бойынша жұмыс істейді

Осыдан бір ай бұрын елорданың кейбір мекемелері, соның ішінде фитнес-орталықтар, моншалар, сауналар келушілердің статусын анықтау үшін QR-кодтарды пайдалану жөніндегі Ashyq пилоттық жобасының қатысушылары болды, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, Ashyq мобильдік қосымшасы QR-кодты пайдалану және ПТР ортақ базасымен интеграциялау арқылы келушінің мәртебесін анықтауға, яғни коронавирус тасымалдаушы ма, жоқ па деген сауалды нақтылауға мүмкіндік береді.

QR-код бойынша кіруді бүгінде елорданың 39 кәсіпкерлік нысаны енгізді. Олардың арасында фитнес-орталықтар, сауналар, бассейндер, моншалар, боулинг клубтары, бильярд бөлмелері және т.б. бар.

Айта кетейік, QR-код бизнес субъектісінің атауы, орналасқан жері және сәйкестендіру деректері көрсетілген электрондық сәйкестендіргіш болып саналады. Нақты бір объектіге кіру және шығу үшін кемінде 2 QR-код беріледі. Егер мекемеге бірнеше рет кіріп-шықса, әр кіргені үшін жеке код жасалады.

Келушіге өзінің смартфонына Ashyq мобильді қосымшасын жүктеу, телефон нөмірі бойынша авторлану, ЖСН енгізу және өзінің баруын тіркеу үшін мекеменің QR-кодын сканерлеу қажет. Сондай-ақ шығу кезінде QR кодын сканерлеу керек. Келушіде смартфон болмаған жағдайда кәсіпкерлік объектісінің қызметкері келушінің мәртебесін оның келісімімен ақпараттық жүйеде тексереді.

QR-кодты сканерлегеннен кейін мобильді қосымшада келушінің мәртебесі түрлі түсті форматта жанады. Ол бойынша адамның коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғаны немесе жұқтырғаны айқындалады:
- «жасыл» мәртебе – келуші деректер базасында COVID-19-ға теріс нәтижемен ПТР-тестілеуден өткені ретінде белгіленген;
– «көк» мәртебе – ПТР-тестілеу нәтижесі жоқ, COVID-19 науқаспен байланыста болмаған;
– «сары» мәртебе – деректер базасында COVID-19 науқаспен байланыста болғаны ретінде көрсетілген;
– «қызыл» мәртебе – COVID-19 оң нәтижесімен базада тіркелді.

Мәртебе ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 бақылау орталығы сияқты ақпараттық жүйелермен салыстыру негізінде беріледі.

Егер келушінің «қызыл» немесе «сары» мәртебесі байқалса, ол пилоттық жобаға қатысатын кәсіпкерлік объектісіне жіберілмейді. Осы мәртебелердің бірімен келушілер туралы ҚР санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерін хабардар ету қажет.

Хабар 24 телеарнасы