433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында ауыл ішінде жүрген жабайы қабан жұртты дүрліктірді

  • 146
  • UPD: 20:03, 02.03.2021
Қостанай облысында ауыл ішінде жүрген жабайы қабан жұртты дүрліктірді

Қостанайда ауыл ішінде жүрген жабайы қабан жұртты дүрліктірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көше кезіп жүрген хайуанның бейнежазбасы әлеуметтік желіге екі апта бұрын тараған еді. Бірақ ол кезде ешкім мән бермеген. Көп ұзамай «мезгілсіз қонақ» Дружба елді мекенінен тағы көрінді. Бұл жолы көліктегі камераға түсіп қалған.

Жабайы қабан, осылайша, емін-еркін көше аралап жүр. Бұл видео әлеуметтік желіде үш күн бұрын пайда болды. Осы кешкілік уақытта жануар тағы бір тұрғынның көлік бейнетіркеуішіне түсіп қалды. Енді Дружба ауылының тұрғындары күн батқанда далаға шығудан қалған. Өйткені «мезгілсіз келетін қонақтан» қауіптенеді.

Бауыржан Жүсіпов, Дружба ауылының тұрғыны:

- Бұл елді мекеннің іші ғой. Балалар кешкісін мектептен оралады. Жабайы жануардың, әсіресе, құтырған болса адамға шабуыл жасауы ықтимал ғой.

Мадонна Рязабкина, Дружба ауылының тұрғыны:

- Балаларымыз үшін қорқамыз. Ойнауға шықса, есік ауладан ары жібермейміз. Көшеде жабайы қабан жүгіріп жүр.

Орман шаруашылығының мамандары жаяу да, арнайы техникамен де ауыл маңын аралап көрген. 20 мың шаршы метр аумақ жіті тексерілсе де, жануардың ізіне түсу мүмкін болмапты. Тіпті олардың тұрғындар жіберген бейнежазбаларға қатысты күмәні бар.

Ерлан Әбенов, «Пригородный» орман шаруашылығының директоры:

- Қазір іздестіру шараларын тағы жүргіземіз. Өткенде қар жауды ғой. Мүмкін ізін басып қалды ма екен қарда. Сол белгісіз боп тұр әлі. Нақты осы Дружба ауылы екенін біле алмай отырмыз. Өйткені ізі жоқ. Ізі болмағаннан кейін факті жоқ.

Жануардың қорек іздеумен елді мекенге кіріп кетуін де ешкім жоққа шығармайды. Егер осындай жағдай қайталанса, онда аңшылық шаруашылығы мамандарының көмегі қажет болмақ.

Талғат Шанаев, Табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы:

- Жабайы жануарлар өз мекенінен шығып кетіп, елді мекендердің, автожолдардың бойын жиі жағалап кетеді. Бұл – үйреншікті құбылыс. Қалай дегенмен, олар өз мекендеріне бәрібір оралады.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Ал мынау елік өз мекеніне адамдардың көмегімен оралды. Жануар ақтүтек боран мен сарышұнақ аяздың кесірінен әбден әлсізденген Қостанай – Денисов трассасынан табылды. Көзі, құлағы мен жағына мұз қатып, басын көтере алмайтын күйге жеткен.

Жүргізушінің көмегінен кейін елік далаға жіберілді. Жалпы орман шаруашылығы жабайы жануарларды қорекпен тұрақты түрде қамтамасыз етіп келеді. Арнайы орындарды шөп пен астық қалдықтарымен толтырады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы