Атырау тұрғындары автогаз тапшылығына наразы

Атыраудағы газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Автогаз тапшылығы кешелі бері тұрғындарды титықтатып біткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Оған қоса, бағаның да өсуі қалтаға қиын тиіп тұр», - дейді тұрғындар. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Таңның атысынан күннің батысына дейін газ құю бекетінің маңында дәл осындай ұзын-сонар кезек. Қатары көбеймесе, кемімейді. Шаһарда қазір жалғыз ғана газ құю бекеті жұмыс істеп тұр. Оның өзінде баға көтеріліп кеткен. Кеше 50 теңгеге саудаланған автогаздың құны бүгін 60-65 теңгеге жетіп қалыпты. Жүргізушілердің кезек күтуден басқа амалы қалмаған.

Блиц 1:

- Газ жоқ деген масқара ғой енді. Атырау облысы ғой. Газ-мұнайдың үстінде отырып алып, міне. Кеше кешке дейін қаңғып таба алмадық, бүгін екі жерде бар дегесін келіп тұрыз. Оны да өсіріп жіберіпті.

Блиц 2:

- Халыққа қиындау ғой енді мынау деген. Негізгі автокөліктердің көбі газбен жүреді. Мынау енді халыққа өте қиындау енді. Ол жағын Үкімет басшылары шешпесе енді...

Блиц 3:

- Қарау керек қой жалпы. Көтерсін, бірақ адамның қалтасы көтере алатындай қою керек қой бағаны. Мен үш күннен бері жүрмін. Алдыңғы аптада талон қылып тастады. Барлық заправкада талон жоқ, газ бермейді.

Жауаптылардың сөзінше, бұл жағдайға Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жұмыстар әсер етіп отыр. Сондықтан өңірді газбен 100% қамтамасыз ету мүмкін болмай қалыпты. Оған қоса, бұл келеңсіздік бір айға созылатын түрі бар. Десе де, жауаптылар мәселені дереу арада шешеміз деп уәде беріп отыр.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

- Энергетика министрлігімен бірлесіп, жұмыс тобы құрылған. Басқа зауыттардан баланс шығаруға және жеткізуге шешім қабылданды. Барлық бекеттерге сұйытылған газ жеткізіледі. 3 күннен кейін басқа зауыттардан келісімшарт қол қойғаннан кейін толығымен қамтуға жағдай бар.

Ал, баға мәселесіне жауап жоқ. Айта кетейік, бұған дейін энергетика министрлігі елімізде сұйытылған газ бағасын уақытша реттеу тоқтатылғанын мәлімдеген еді. Енді міне, ел ішінде осындай келеңсіздік туындап отыр. Бұл күрмеуі қиын мәселенің қашан шешілері белгісіз. Ал, тұрғындардың наразылығы үдеп барады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин