Қазақстанда медициналық қызметтер қымбаттай ма?

Медициналық қызмет ақысы қымбаттамайды. Дәрігерлер осылай деп сендіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейік, тақауда зейнетақы жинағының бір бөлігін емге жұмсауға рұқсат берілді. Осы орайда елдің қаупі болған да рас. Бірақ бұл қауіпті дәрігерлер сейілтті.

Айта кетейік, зейнетақы жинағын сирек кездесетін немесе туа біткен ауруларды емдеуге, тіс жөндетуге немесе радиотерапияға жұмсауға рұқсат. Стоматологиядан басқасын тек Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерге барып емдетуге мүмкіндік бар.

Зарина Бейсембина тіс дәрігеріне жиі жүгінеді. Барған сайын стоматологтың кабинетінде 60-70 мың теңге қалдырады. Сол себепті ол зейнетақы жинағын медициналық қызметтің осы түріне пайдалануды жақсы мүмкіндік деп есептейді.

Зарина Бейсембина, қала тұрғыны:

- Стоматологтардың қызметтері былай да қымбат деп есептеймін. Нарықта бәсеке бар. Сондықтан тіс дәрігерлері бағаны көтермейді деген үміттемін. Өйткені зейнетақы жинағы барлар көп емес. Бұл ақша есебінен тіс дәрігерінің қызметіне төлейтіндер одан да аз.

Стоматология – медицинадағы ең қымбат қызметтердің бірі. Мамандар тіс емдеу үшін сапасы жоғары материалдарды қолдануға тырысады. Оның көбі шетелден әкелінетіндіктен, керек-жарақтың бағасы үнемі артып тұрады. Алайда бұл нарықтағы бәсеке тым жоғары болғандықтан, Қазақстан стоматологтары өз қызметтерін одан әрі қымбаттатқысы келмейді.

Кенжегүл Ескендірова, Қазақстанның стоматологиялық қауымдастығының президенті:

- Қазірдің өзінде стоматологиялық құрал-жабдықтардың бағасы арзан емес. Бірақ тіс дәрігерлері өз қызметінің бағасын көтермеуге тырысады. Зейнетақы жинағын медициналық тұрғыда пайдалану халқымыздың денсаулығын жақсартуға сеп болады деген ойдамыз.

Бекітілген ережеге сәйкес қазақстандықтар зейнетақы жинағын орфандық сырқаттарды емдеуге, диагностикалық зерттеулер жасатуға, стоматологияға, операциядан кейінгі тыртықтар және туа біткен ақауларды қалпына келтіруге жұмсай алады. Сондай-ақ бұл тізімде радионуклидтік терапия, радиойодтерапия, протон терапиясы мен офтальмологиялық қызметтер бар.

Гүлнар Сәрсенбаева, ҚР ДСМ департамент директорының орынбасары:

- Бізде барлық медициналық қызметтердің тарифі нақты бекітілген. Әр адам өз бетімен аурухананы таңдауға құқылы. Ол үшін ең алдымен емханаға барып, дәрігерден жолдама алу қажет. Кейін науқас емделетін ұйыммен келісім жасасады. «Отбасы банкінің» порталында жеке кабинет ашып, жеке құжаттарының көшірмесін қыстырады. Зейнетақы жинағы 5 күн ішінде медициналық лицензиясы бар ұйымға жөнелтіледі.

Егер зейнетақы жинақтарын пайдалануға байланысты медициналық қызметтердің бағасы күрт шарықтап кетсе, оны байқаған азаматтар жауапты ведомствоға жүгініп, шағым жасай алады. Жергілікті атқарушы органдар заң шеңберінде тексеріс жүргізеді. 

Мирас Шекенов, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының комиссия төрағасы:

- Медициналық қызметтердің қымбаттауы монополияға қарсы органдардың бақылауында болады. Егер мұндай дерек тіркелсе, мамандар тексеріспен келеді. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы да бұл мәселені қолға алуды көздеп отыр. Егер мемлекеттік медициналық мекемелер бағаны шарықтатса, біз тиісті шараларды қабылдаймыз.

Құжат бекітілмес бұрын сала мамандары зейнетақы жинағы есебінен экстракорпоралды ұрықтандыру, пластикалық операциялар мен оңалту процедуралары үшін төлеуді ұсынған болатын. Қазір де белсенділер тізімді ұлғайту туралы жиі әңгіме қозғайды. Бірақ әзірге құжатты өзгерту жоспарда жоқ.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ербол Дайыров

Сондай-ақ...