Павлодар облысында ауыл дәрігерлері вакциналаудың екінші кезеңінен өтті

Жоспарға сай енді коронавирусқа қарсы екпе педагогтарға, одан кейін полиция қызметкерлеріне жасалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үшінші кезекте ауыл тұрғындары. Май ауданы бойынша алдыңғы шепте жұмыс істеп жатқан 21 дәрігердің әзірге 10-ы екпе салдыртқан.

Ақпан айының бірінде басталған коронавирусқа қарсы вакциналау науқанының екінші кезеңі де аяқталды. Ендігі кезекте ұстаздар тұр. Педагогтардан бірінші болып облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы екпе жасатты. Бүгінде «Спутник V» препаратының ұстаздарға арналған партиясы аудандық ауруханаларға жеткізіліп жатыр.

Жандос Әмірханов, Май аудандық ауруханасы  бас дәрігерінің  м.а:

- Біз енді педагогтарға арналған вакцинаны аламыз. Мұғалімдерден кейін полиция қызметкерлері кезекте тұр. Бәрі жоспарға сай жүзеге асатын болады. Одан соң тұрғындарға жасалады.

Май ауданының бас дәрігері өткен жазда ковид белгілері бар пневмониядан көз жұмды. Ал балалар бөлімшесінің медбикесі Айнұр Сапина қараша айында коронавирус жұқтырыпты. Медицина қызметкерлері ауруды жеңудің ең тиімді жолы осы вакцина екеніне шүбә келтірмейді.

Айнұр Сапина, медбике:

- Тәуір болдым әйтеуір. Енді екі жұмадай карантинде болдық. Сол қазір енді жағдайымның бәрі жақсы, денім сау. Енді екпе туралы айтсам, екпеге қарсы емеспін. Салған негізі дұрыс болады деп ойлаймын.

Айгүл Штифель, дәрігер:

- Енді әрине, адам болғасын қорқасың. Бәрінен де қорқасың. Біз науқастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Сондықтан вакцинаны алдық. Вакцинадан кері әсер ешкімде болған жоқ. Жақсы болды бәрі.

Май ауданы әзірге вакцинаның 30 дозасын алды. Оның 10-ы педагогтарға, 10-ы дәрігерлерге салынады. Аудан бойынша 200-ге тарта медицина қызметкері бар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов

Сондай-ақ...