Алматыдағы «Шаңырақ» шағынауданында күрмеуі шешілмеген мәселе көп

Жол мен жарықты былай қойғанда, тұрғындар жедел жәрдемнің де көмегіне зар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Газ құбыры төмен тартылғандықтан, бұл жаққа биік көліктер де өте алмайды.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Алатау ауданына қарасты «Шаңырақ-1» ықшамауданы тұрғындарының шағымы дәл осы жерден басталады. Мынау газ құбыры тым аласа орналасқандықтан, бұл жерге жедел жәрдем көлігі де кіре алмайды және басқа да биік көліктердің ешқайсысы кіре алмайды. Алда-жалда өрт шығып жатқан жағдайда, өрт сөндіру көліктерінің де кіруі екіталай. Ал жолдың түрі мынау. Қыста көктайғақ, жазда шаңы аспанға шығып жатады, ал міне, көктемде қазір сазбалшық кешіп жүрген жайы бар.

Қарлығаш Өсімбаева, қала тұрғыны:

- Бір қоқыс жәшігі қойса, мына жерге аялдама қойса, балалар бар сабаққа баратын. Жүкті келіндер бар. Ит қуады дегендей.

Аслан Құмарбеков, қала тұрғыны:

- Біз салық төлеп жатырмыз, көліктің салығын, жердің салығын төлеп жатырмыз. Не себептен асфальт салуға болмайды. Әкімшілікке бір сұрақ, 21 жыл бойы жылына 5 метрден болсын салса, бітіріп қоятын еді ғой бұл жерді.

Нұрихан Тұрарова, қала тұрғыны:

- Әкімдігіміз қайда қарап отыр. Халықтың денсаулығы дейді. Денсаулығы осыдан пайда болады. Міне, лас көшенің бәрі. Кішкене күн жылыса, шаңы шығады. Қар жауса, тайғанақтап мұз болады.

Майра көшесі тұрғындарының мұң-зары міне, осындай. Мұнда 20 жылдан бері жібі түзу жол салынбаған. Кәріз құбыры атымен жоқ. Қоқыс салатын арнайы орындар болмағандықтан, көше жиегі лас болып жатыр. Шағын көшеде қырыққа жуық үй бар. Тұрғындардың барлығы осы газ құбырының астымен өтеді. Оған жеңіл көліктен басқасы сыймайды. Ал газ құбырының тым аласа салынғанын әкімдік қызметкерлері бүгін біліп отыр.

Ертіс Бесіров, Алатау ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Аталған мәселе бойынша қазір орынға барып анықтаймыз. Тиістілігіне байланысты жаңағы газдың аркасын көтеру қажеттілігі туындаған жағдайда. Аймақтық мекемеге біз ұсыныс енгізетін боламыз.

Биыл «Шаңырақ-1» ықшамауданының 13 көшесі жарықтандырылады екен. Ал жол мәселесі жуық арада шешіле қоймайтын секілді. Өйткені сәуір айынан бастап ықшам ауданда көшелер қазылып кәріз құбырлары тартылады. «Құрылыс аяқталмай жолды жөндей алмаймыз», - дейді әкімдіктегілер.

Ертіс Бесіров, Алатау ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Аялдама мәселесін қоғамдық көліктің жүру графигін қалалық басқарма, қалалық автомобиль жолдары басқармасы тікелей солардың қарамағында. Олардың өздерінің ережесі бар. Әр аялдаманың арасы нақты арақашықтықта орналасуы керек. Енді бұл бойынша да ұсыныс енгіземіз. Жауапты бөлімдер бар.

Осы күнге дейін «Шаңырақ» халқы қиындыққа шыдап келді. Тұрғындар айтылған мәселелердің барлығы сөз жүзінде қалмай, шешімін табады деген үмітте.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев, Сержан Жұмабаев