Алматыдағы 2000-ға жуық нысан мүгедектерге мүлдем бейімделмеген

Алматыда қоларбамен жүретін мүгедек жандар үшін жол үстіндегі көпірден өту мұң.

Өйткені арнайы эскалаторлар мен лифтінің көбі жұмыс істемейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мегаполисте мыңға жуық адам арбаның көмегімен жүреді. Ал жауапты тұлғалар олардың мұңын тыңдағанымен, мәселені шешуге асығар емес.

Қазақстан мүгедектер одағының төрағасы Әли Аманбаевтың жол үстіндегі көпірлердегі эскалаторлық платформаларға көңілі толмайды. Өйткені көпірден өту әсте қиын шаруа. Себебі құрылғылардың басым бөлігінің аты бар да заты жоқ. Ал, істеген күннің өзінде көшенің арғы жағына жетуге жарты сағат уақыт кетеді. Бұл құрылғылар 6-7 жыл бұрын көпір салынғанда орнатылды. Бір платформаны қоюға 5 млн теңге қаржы жұмсалған. Алайда оның көмегіне жүгінгендер некен-саяқ.

Әли Аманбаев, Қазақстан мүгедектер одағының төрағасы:

- Мынау масқара ғой, ақшаларды босқа желге лақтырып тастағаны енді. Бұған бір администраторды алу керек. Осындай істейтіндерді көру керек. Өйткені бұл бұзылып қалса, дереу кішкентай машинамен келіп, байланыс болу керек лифттағыдай. Соның барлығын ұйымдастыру керек.

Қаладағы Саин, Рысқұлов, Райымбек, Әл-Фараби сынды даңғылдардың бойында 70 көпір бар. Біз Әли Аманбаевпен бірге жүріп, бір ғана Әл-Фараби даңғылындағы бірнеше көпірдегі көтерме құрылғыларының жұмысын тексердік. Мысалы, Асқаров көшесімен қиылыстағы көпірдің лифті әрең көтерілді. Көптен бері күтімсіз тұрғаны анық. Ал, екінші жағындағы жеделсатының есігі ашылмай қалды.

Алмас садуақас, тілші:

- Бұл лифтінің жұмыс істемегені анықталғаннан кейін ғана қызмет көрсетуші компания оны жөндеуге кірісті. Жалпы лифтілер айына екі рет тексеріліп тұруы керек.

Көпірдегі көтерме құрылғылардың күтіміне аудан әкімдіктері жауапты. Экскалаторлық платформаны пайдалану мерзімі 5 жыл болса, лифтінің жарамдылығы 15 жылға дейін.

Арман Мизамбеков, Бостандық ауданы әкімдігі көріктендіру бөлімінің бас мамыны:

- Соңғы рет жасалғанда күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылы жүрді. Ал, сынған жағдайда ылғи қаралып тұрады

Үнемі тексерілсе, жеделсаты жұмысына да шағым болмас еді. Көлік нөпірі басылмайтын әл-Фараби даңғылында жолдың арғы бетіне не жерасты жолымен, болмаса, көпірмен ғана баруға болады. Жаяу адам өтер. Ал, арбаға таңылған жандар үшін бұл әзірге өте қиын мәселе болып тұр. Жалпы қаладағы 2 мыңға жуық нысан мүгедектерге мүлдем бейімделмеген. Әзірге кемшілікті түзеу келешектің еншісінде сыңайлы.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев, Нұрдәулет Жақсыбаев