Петропавлда көп қабатты үйлердің астындағы тамақтану орындары тексерілді

Петропавлда көп қабатты үйлердің астында орналасқан тамақтану орындары жоспардан тыс тексеріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғын үй инспекциясы, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және полиция қызметкерлерінен құралған арнайы мониторингтік топ шаһардағы барлық осындай бизнес нысандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Себебі осыдан бір аптадан астам уақыт бұрын қаладағы жатақханалардың біріне жапсарласа орланасқан дәмханада газ баллоны жарылған болатын. Өрт тудыратын жағдайды болдырмау үшін жауапты мамандар бақылауды күшейтті. Бірінші кезеңде жауаптылар 91 нысанды тексермек. Қазірдің өзінде газ қондырғысы пайдалану ережелері сақталмағандығын анықтады.

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі күні 91 нысанның 75-ін тексердік. Оның 55-і көп қабатты тұрғын үйлердің астында орналасқан. Екі заңбұзушылық анықталды. Әзірге иелеріне ескерту жасалды. Егер де олар оқылықтың орнын уақыты толтырмаса, айыппұл салынады. Кейін екінші кезеңде мониторингтік топ өкілдері базарлармен сауда орындардағы ахуалды бақылауға алады.

Естеріңізге сала кетейік, ақпанның 21-күні Петропавлда жойқын жарылыс кезінде жарақат алған үшінші адам күні кеше көз жұмды. Дәрігерлер қыз баланың өмірі үшін қанша күрескенімен, ажалдан арашалай алмады. Жалпы төтенше жағдай кезінде барлығы 10-нан астам азамат түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген болатын. Бүгінде оның 5-і әлі емдеу мекемелерінде жатыр.

Гүлнәр Қалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- 21 жастағы қыз аса ауыр хәлде реанимацияға түсті. Себебі денесінің 65%-ін күйік шалған болатын. Өкінішке орай, кешегі күні ол қыз көз жұмды. Барлық емдеу шаралары диогностикалық протоколға сәйкес жүргізілді. Дегенмен де, алған жарақаттары аса ауыр болғандықтан, оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болмады.