Қоғамдық бақылау туралы заң жобасы талқыланды

Елордада қоғамдық бақылау туралы заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бастаған жиынға Парламент депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Сонымен, Заң жобасына сәйкес қоғамдық бақылауды қоғамдық бақылау топтары мен коммерциялық емес ұйымдарға біріккен Қазақстан Республикасының азаматтары жүзеге асыратын болады. Бұдан басқа, қоғам өкілдерінің ұсынысы бойынша қоғамдық бақылау объектілерінің тізбесіне бюджет қаражатын алатын заңды тұлғалар кірді. Сондай ақ Заң жобасында қоғамдық бақылаудың бірқатар маңызды қағидаты бекітілген. Олардың ішінде алуан түрлі нысандар, адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау, жариялылық, ашықтық пен қоғамдық бақылауды жүзеге асыру заңдылығы бар.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң ары қарай Парламентке келеді. Менің ойымша, Парламентте де бұл заң жан-жақты қарастырылып, ұшталатын болады. Бүгінгі таңдағы ең негізгі мәселе қоғам және мемлекеттік органдар осы заңның негізгі философиясы. Яғни, заң бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың жұмысына қоғамдық тұрғыдан белгілі бір бақылаудың қажет екендігін көрсетіп тұр. Бұл халық пен мемлекет арасындағы негізгі консенсус.