Алматы облысының тұрғындары Қарасаз - Тұзкөл арасындағы жолды жөндеп беруді сұрап отыр

Тұзкөл ауылының тұрғындары жергілікті биліктен Қарасаз - Тұзкөл арасындағы жолды жөндеп беруді сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мәселе Алматы облысы әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде де бірнеше мәрте көтерілді. Өйткені көктемі лайсаң, жазы жаңбырлы келетін бұл өңірде көлік қатынасы қиындай түседі екен.

Қарасаздан Тұзкөлге дейін кеңестік кезеңде де асфальт жол болған емес. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да бұл облыстық маңызы бар жолдың құрылысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбеді. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Райымбек ауданында 20 ауыл болса, соның барлығына дерлігіне қатқыл табанды жолмен қатынауға мүмкіндік жасалған. Тек мына Қарасаз бен Тұзкөл ауылын байланыстыратын 18 шақырымдық жолға асфальт төселмепті. Тұрғындар осы жолды жөндеп беруді сұрап отыр.

Мұхаметәлі Күшназаров, ауыл тұрғыны:

– Мен ауыл-ауылға өз көлігіммен көмір тасумен айналысамын. Тұзкөл ауылында жол жоқ. Жаңадан жолды жасап берулеріңізді сұраймыз. Жолды күрделі жөндеуден өткізіп бермесе, өте қиын болып жатыр.

Жеңіс Бекбаев, ауыл тұрғыны:

– Бала-шаға ауырады, ары-бері жүреміз. Қыс айларында мүлде қиын. Көктемде де шыға алмаймыз. Жолымызды күрделі жөндеуден өткізсе деген ниеттеміз.

Аудандық әкімдіктегілер облыстық маңызы бар кірме жолдың құрылысына өткен жылы жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамасы жасалғанын айтты. Қазір еріген қар суын өткізетін құбырлар мен топырақ, қиыршық тас төселіп, жол тегістеліп жатыр. Бұл жол бөлігінің жасалуы арқылы Тұзкөл көлінің де туристік әлеуеті арта түседі. Жазда көл жағасына демалыс күндері 100 шақты көлік келіп кетеді екен. Өйткені бұл жерден биіктігі 7010 метрлік Хан Тәңірі шыңы өте әдемі көрінеді.

Нұржан Кеңесұлы, Райымбек ауданының әкімі:

– Ағымдағы жылы Қарасаз - Тұзкөл ауылының жолын жасау жоспарлануда. Жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрап отыр. Өткен жылы басталған, жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.

Райымбек ауданы Кегеннен бөлінгелі бері Нарынқолдан «Байынқол» шекара заставасына дейінгі 28 шақырымдық жол жасалып, пайдалануға берілді. Сарыжаз - Қарасаз, Текес - Тегістік, Қақпақ - Қайнар жолдары қайта қалпына келтірілді. Алдағы уақытта Қарасаз - Шалкөде, Талас - Көмірші тас жолы жөнделеді. Сонымен қатар орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылып біткен Қызылшекара мен Жамбыл ауылының көшелері жөнделе бастайды. Мұндай жұмыстар Сарыжаз, Сарыбастау, Қарасаз, Сүмбе, Талас ауылдарында да жүргізіледі. Өткен жылы Алматы облысында жол жөндеуге 61 млрд теңге бөлініп, игерілді. Соның нәтижесінде өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 84 проценттік межені еңсерді. Оны жыл аяғына дейін 89 процентке жеткізу жоспарланып отыр.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев