2024 жылы елімізде темекі өнімдеріне акциздік мөлшерлеме 35 еуроға жетеді

Тиісті заң жобасы бүгін Мәжілісте қаралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ортақ келісімі. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтады. Яғни акциз бірден көтерілмейді. Жыл сайын ұлғайтылып отырады. Қазіргі көрсеткіш – 21,5 еуро. Төл валютаға шаққанда – 11 мың 100 теңге. Депутаттар мұның теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары болуы мүмкін екеніне алаңдайды. Себебі бірыңғай акциздік мөлшерлеменің өсуі бөлшек саудаға қатты әсер етуі мүмкін. Бірақ үкімет өкілдері басқаша пікірде. Біріншіден қазынаға түсетін қаржы 27 процентке ұлғаяды. Бұған қоса, көлеңкелі экономиканың жолы кесіледі. Былтыр елде 2,3 млн қорап темекі заңсыз сатылған. Бұл – жалпы өндірілген өнімнің 1,4 проценті.