Қостанай облысында жеті адамның өмірін қиған жол апатының себебі анықталды

Күні кеше Қостанай-Әулиекөл тас жолында жол талғамайтын екі көлік апатқа ұшырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Лексустың» 36 жастағы жүргізушісі алдындағы жүк көлікті басып озбақ болып, қарсы бағытта келе жатқан «Митцубисимен» бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан жеті адам көз жұмды. Полиция қызметкерлері жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.      

Виталий Цой, жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары:

– «Лексус» жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзған. Ол алдағы техниканы басып озған кезде қауіпсіздікке толыққанды көз жеткізбеген. Екі не одан да көп адамның өліміне себепкер болғандықтан, қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптамасы көліктердің жылдамдығын, траекториясын анықтайды.