Алматы облысында Қызылшекара амбулаториясына күрделі жөндеу қажет

Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Қызылшекара дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу қажет. Медицина мекемесінің меңгерушісі ғимараттың есік-терезесінен жел кіріп, қыста жылымайтынын айтады. Денсаулық қызметкерлері ескі нысанды жөндеу қажеттігін айтты. Ал ауыл тұрғындары жаңа амбулатория салынғанын қалайды. 

Қызылшекара дәрігерлік амбулаториясы 1980 жылы салынып, пайдалануға берілді. 17 жыл бұрын ағымдағы жөндеуден өтіпті. Бүгінде бұл медицина мекемесінің ғимараты әбден ескіріп-тозған.

Нәзипа Қасымбаева, дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі:

- Мұндай халыққа денсаулық сыйлайтын орынның жақсы жағдайда болғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Амбулаторияның іші салқындау. Теріскей жақ терезелерінің бәрі тозған. Ішіндегі төсеніштерінің де бәрі тозған. Күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.

Ал ауыл тұрғындары 2 мыңға жуық халқы бар Қызылшекараға жаңа емхана қажет деген пікірде. 

Айгерім Айтбекова, ауыл тұрғыны:

- Біздің емхана өте ескі. Ескі болса да өте жақсы қызмет атқарады. Біздің ауылда жаңағы 2 мыңға жуық халық болғаннан кейін бізге, әрине, жаңадан емхана керек. Сол емхана салынса дейміз жаңадан.

Аудан басшылығы Қызылшекара дәрігерлік амбулатриясын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары 2024 жылдың жоспарына енгізілгенін жеткізді. Өткен жылы Жамбыл мен Қақпақ ауылдарында 25 орындық екі дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілген. Биыл Көмірші, Тұзкөл, Талас пен Жаңа Текесте медициналық пункттер салынады. 

Нұржан Кеңесұлы, Райымбек ауданының әкімі:

- 4 ауылда медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер салу жоспарлануда. Ол ауылдарға бүгінгі күнде жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар Қостөбе және Ақбейіт ауылдарына модульдік медициналық пункттер қойылатын болады. 

Алматы облысы бойынша жыл сайын 10 – 15 медицина мекемесі салынып, халық игілігіне беріледі. Олардың жаңа жабдықпен, санитарлық автокөлікпен қамтылуы 90 процентке жетті. Дегенмен өңірде ана мен бала өлімі азаймай тұр. Өткен жылы 14 ана перзентхана төсегінде жан тапсырса, бала өлімінің көрсеткіші 9,4 процент болды.

Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев