Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласында қандай шаралар қабылданды

Денсаулық сақтау министрлігі халықтың денсаулық көрсеткішін жақсарту мақсатында бірнеше шара қабылдауда.

Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ОКҚ брифингінде айтып берді.

Бүгінгі таңда 7 мыңнан астам ұйым, оның ішінде амбулаториялар мен емханалар жұмыс істейді. Оларда шамамен 10 мың дәрігер, 28 мың ортақ медицина қызметкері, оның ішінде 47%-і ауылдық жерлерде жұмыс істеп жатыр.

«Былтыр пандемиямен күресіп жүріп, бірқатар жұмыстар жүргізілді. Соның бірі – әрбір учаскелік дәрігерге кісі басына тіркелетін жүктеме азайды. Бұрын бір учаскелік дәрігерге 2000-2200-дей азамат тіркеліп қаралатын болса, қазірге таңда 1700-ге дейін төмендетілді.

Пандемияға қарамастан 63 жаңа обьекті салынды. Медициналық қызметкерлердің жалақысы 30% көтерілді. Жылжымалы медициналық көмек дами бастады», - деді.

ДСМ биыл 25 ақпанда халыққа, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындарға барынша қолжетімділік жағынан 2021-2025 жылдарға арналған «Алғашқы медициналық көмекті жақсарту» жөнінде шаралар жоспарын бекітті.