Ақмола облысында екі полицейді қағып мерт қылған адам сотталды

Ақмола облысында екі полицейді көлікпен қағып мерт қылған жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты.

26 жастағы жігіт 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қайғылы оқиға былтыр күзде Щучинскте болған еді. Қала көшелерінің бірінде қызметтік көлікпен келе жатқан қос полицейді «Лексус» автомобилі қатты жылдамдықпен келіп соғады. Тәртіп сақшылары ауыр жарақаттан сол жерде көз жұмды. Кейін қылмыскердің рөлге мас күйінде отырғаны белгілі болды. Тіпті жүргізуші куәлігінен де айырылған екен. Сот, оны бірнеше бап бойынша кінәлі деп таныды. Енді ол марқұмдардың отбасына 10 млн теңгеден моральдық шығын төлеуі тиіс.

Әсел Әбимұратова, Бурабай аудандық сотының судьясы

- ҚР қылмыстық кодексінің 58-бап 3-тармағына сәйкес жазаларды ішінара біріктіру арқылы Воровцовқа 15 жыл бас бостандығынан және өмір бойына көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемелерінде өтейді.