Қостанай облысында алтын өндірісінің қалдықтары қоршаған ортаны ластап жатыр

Ашық су көздері мен ауа құрамында қауіпті металдар, зиянды химиялық заттар мөлшері шектен тыс жоғары. Қостанай облысының Жітіқара қаласы мен Тоқтар ауылы аумағында зерттеу жүргізген экологтар осындай байлам жасады. Жергілікті тұрғындар ауа мен судың ластануына іргеде көмілген алтын өндірісінің қалдықтары себеп дейді.

Жітіқараға жақын бұл маңда бұрын алтын өндірілген. Бағалы металл алу үшін сынап, мышяк сияқты улы элементтер қолданылды. Кейін шахталар жабылып, өндіріс қалдықтары құм, сазбен көмілген. Уақыт өте көмбенің беті жел, сумен шайыла бастапты.  

Маусымжан Мыңжасарова, Жітіқара қаласының тұрғыны:

- Қар ерігенде бәрі де ағады осылай жорғалап-жорғалап. Мына үйлердің артында өзен. Зиянды нәрселердің бәрі сонда ағады. Сол өзеннен су алып, кір жуамын, бақша суарамын, үйде жуынамыз. Бұл өзен зиянын тигізіп жатыр денсаулығымызға. 

Жақында Шортанды, Тобыл өзендерінің, қала құдықтарының су сынамаларын және ауа құрамын тексерген экологтар да тұрғындардың күдігін растап отыр. Тіршілік нәрінде ауыр металдар мен химиялық заттардың мөлшері басым. 

Светлана Арсентьева, экология департаменті сынақ зертханасы басшысының міндетін атқарушы:

- Жергілікті өзендерде магний, хлорид, сульфаттың көлемі жоғары екендігі анықталды. Бұл енді жер асты су құрамында минералды заттардың көптігінен деп білеміз. Сондай-ақ темір, марганец сияқты ауыр металдардың мөлшері тым артық. Оны қазба байлықтардың жердің жоғары қабатына жақын орналасуынан деп түсіну керек.  

Бір сөзбен айтқанда, зертхана мамандары ауа мен судың ластануы өндіріс қалдықтарының салдары дегенді жоққа шығарып отыр. Өзендердегі судың таяздығы, мұздың қалыңдығы, автөкөліктер мен қазандықтардан бөлінетін көмірқышқыл газының да әсері болуы мүмкін дейді. Ал жітіқаралық экологиялық бастамашыл топ мүшелері зиянды заттар көмілген жерді зарарсыздандырмаса жағдай күрделене түсетіндігін айтады.  

Светлана Коломиец, Экологиялық бастамашыл топтың төрайымы:

- Осы проблеманы көтеріп жүргенімізге екі жылға жуықтады. Үстін топырақпен жауып, қорғанысты бекіту қажет. Уақыт өткен сайын көмбенің әр тұсы жырылып,ашылып жатыр. Бір шара қолданбаса,ауданда экологиялық ахуал тіптен ушығып кетуі ықтимал. 

Аймақтық табиғи ресурстар басқармасы бұл мәселеден хабардар. Оны шешу үшін қаржы керек. Бюджетке тапсырыс берілген. Қазір облыстық мәслихаттың қарауында жатыр. Егер ақша бөлінсе, алдымен экологиялық сараптама жасалады. Сосын барып ғана қауіпті көмбеден қалай құтылуға болатындығы қаралады.  

Авторлар: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг